В.Монаховтың педагогикалық технологиясы - Инновационные технологии обучения - Статьи по методике - Каталог статей - Дуйсенбаев Еркин САЙТЫ

Дуйсенбаев Еркин САЙТЫ

Меню сайта
Категории каталога
Современный урок [1]
Методика современного урока
Инновационные технологии обучения [2]
Наш опрос
Сайтымды калай багалайсыз?
Барлық жауап: 3907
Главная » Статьи » Статьи по методике » Инновационные технологии обучения

В.Монаховтың педагогикалық технологиясы

В.Монаховтың оқыту технологиясын пайдалану әдістемесі 

Қазіргі заманғы ғылыми техникалық прогрестің өте шапшаң қарқынмен демуы және информация көлемінің әр 3-5 жылда 2 еседей өсіп отыруы, әсіресе ой еңбегін және оқыту үрдісін айрықша сапалық түрде жетілдіруді талап етіп отыр.

Мұндай дүниежүзілік күрделі проблеманы шешудің бір жолы, жастарға үздіксіз білім берудің жаңа түрлері мен әдіс-тәсілдерін тауып, олардың өздігінен білім алуын қамтамасыз ету болып табылады. Ондай жаңа оқыту тәсілдерінің бірі академик В.М.Монаховтың педагогикалық технологиясын қарастырайық.

Көптеген мұғалімдер технология мазмұнын жете түсінбейді, оны әдістемеден ажырата алмайды. Егер әдістеме көбінесе оқу процесін ұйымдастыру және өткізу жөніндегі ұсыныстардың жиынтығы болса, педагогикалық технологияның өзіне тән ерекшелігі бар. Біріншіден технология – бұл соңғы нәтижеге берілетін кепілдік; екіншіден, технология – бұл болашақ оқу процесінің жобасы. Өзінің педагогикалық технологиясында В.М.Монахов мынандай анықтама береді: педагогикалық технология – оқу процесін жоспарлаудың жүйелік әдісі; оқытудың тиімді түріне жету мақсатында, адам мен технология ресурстарды олардың ара-қатынасын ескере отырып бүкіл оқытушымен білімді меңгеру процесін жүргізу, оны бағалау. 

Ғылыми тұрғыдан негізделген В.М.Монаховтың педагогикалық технологиясы мұғалім қызметін екі кезеңге бөледі.

1.Оқу процесін жобалау кезеңі.

2.Осы жобаны іске асыру кезеңі.

Бірінші кезеңде мұғалім оқу материалын шағын мақсаттар жүйесі ретінде көрсетеді. Бұл шағын мақсаттарға жету-жетпеуін жазбаша жұмыстар арқылы тексереді, яғни болжам жоспарланады. Болжамнан оқушылар жақсы өтуі үшін, мұғалім оқушыларға өз бетімен жұмыс істеуге алдын-ала тапсырыстар береді. Екінші, яғни жобаны іске асыру кезеңінде мұғалім оқу процесінің нақтылы жағдайларын ескере отырып, жобаны жүзеге асырады. Оқу процесін жобалаудағы негізгі объекті – оқу тақырыбы. Бұл оқу тақырыбының көлемі, тақырыптың күрделілігіне байланысты 6-7 сабақтан, 22-24 сабаққа дейін болуы мүмкін. Технологияда оқу процесін жобалаудың толық және бөлшектелген көрінісін технологиялық картадан көруге болады. Технологиялық карта 5 бөліктен тұрады: мақсат қою, болжам, үй жұмысын мөлшерлеу, логикалық құрылым, түзету.

Технологиялық картаның әр бөлшектері қандай жұмыс атқаратынын қарастырайық.

1.Мақсат қою. Берілген тақырыпқа қойылатын білім стандарттарының талабын жүзеге асырып жүрген бағдарлама мазмұнын талдай отырып, шағын мақсаттар қарастырылады. Тақырыптар көлеміне және оның күрделілігіне байланысты шағын мақсаттар саны 2-ден 5-ке бейін болуы мүмкін. Арнайы технологиялық ұйғарым бойынша әр шағын мақсатқа сәйкес өзіндік жұмыс құрастырылады.

2.Болжам. Бұл өзіндік жұмыстардың, яғни болжамның, ерекшелігі мынада: тексерудің және оқушылардың жетістіктерін бағалаудың қарапайымдылығы. Болжам екі түрлі тапсырмадан тұрады: білім беру стандарты деңгейіндегі тапсырма және тереңдетілген тапсырма. Болжамның 1-ші және 2-ші тапсырмалары стандарт деңгейімен сәйкес қарастырылады, ал 3-ші тапсырмада «жақсы» деген бағаға сәйкес, 4-ші тапсырмада «өте жақсы» деген бағаға сәйкес тапсырмалар беріледі.

3.Үй тапсырмасын мөлшерлеу. Егер үй тапсырмасын мөлшерлегенде біраз ақаулар жіберсе, ол болжам кезінде көзге бірден түседі. Мұғалім сәйкес түзету жүргізу керек. Үй жұмысын мөлшерлеу 3 деңгейлік тапсырмадан тұрады.

1-ші деңгей. Болжамның 1-ші, 2-ші тапсырмасына.

2-ші деңней. Болжамның 3-ші тапсырмасына.

3-ші деңгей. Болжамның 4-ші тапсырмасына сәйкес болуы керек.

4.Логикалық құрылым, оқу тақырыбына байланысты әр шағын мақсаттарды меңгеру үшін. Оқушыға қанша уақыт керек екенін, болжамды, түзетуді қайталауды, қай кезде өткізу керектігін жоспарлайды. Яғни, мұғалім өзінің әдістемелік тұжырымдарына сүйене отырып, оқу процесін тұтас және логикалық көрнекті модельге көшіреді.

5.Түзету. Түзету негізгі үш бағытта жүргізіледі:

1)Жаңа оқу материалын меңгеру кезіндегі оқушыларға тиетін қиындық.

2)Оқушылардың жұмысында жиі жіберілетін қателіктер.

3)Оқушыларды стандарт деңгейіне жеткізетін педагогикалық әдістер жүйесі.

Технологиялық карта нәтижесі әр болжамнан кейін тексеріліп, талдау жасауды қажет етеді, яғни интеграция жүзеге асырылады.

Оқу үрдісін педагогикалық технология тұрғысынан жобалау жекелеме тараулардың технологиялық карталарынан құралады. Технологиялық картаның құрамды бөліктерін және олардың атқаратын қызметтерін қарастырайық.

1.Технологиялық негізі жоғарыда айтып өткеніміздей мақсат қоюдан басаталады, яғни тақырыпқа байланысты шағын мақсаттарды анықтау.

Мақсатты нақты және анық көре білу, яғни тақырыптың негізгі сұрағын анықтай білу, мұғалімнің әдістемелік шеберлігін көрсетеді. Қойылатын мақсат мұғалімге және оқушыға ұғынықты түрде ықшам әрі түсінікті болуы қажет. Қойылған мақсат бойынша мұғалім болашақ оқу үрдісін мақсаттар түрінде көруі керек, ал оқушы үшін оның білімі мен біліктілігіне қойылатын талаптар жүйелі түрде берілуі керек.

Ілгеріде қойылатын мақсат саны тақырып көлеміне қарай 2-5 аралығында болуы керек дегенбіз. Оның себебі мақсат ұсақталып, көбейген сайын оның нақтылығы азайып алғашқыларының мәні жойыла бастайды.

Мақсат қою технологиясы және педагогтың әдістемелік жұмысының мақсаттылығы оқу тақырыбындағы әрбір сабақтың мәнділігін арттырады, сабақтың нәтижелігіне және мазмұндылығына мұғалімнің сол сияқты оқушының да жауапкершілігін арттырады, осы сабақтың берілген мақсаттың меңгерілуіндегі орнын нақтылай түседі, ал бұның барлығы жобалаудан, технологиялық картадан басталады.

2.Берілген тақырыпты мақсаттарға бөліп алғаннан кейінгі жұмыс осы қойылған мақсаттарға байланысты оқушылар білімін болжау жұмысын құру.

Біз бірінші рет оқушыға жеке тұлға ретінде қараймыз, себебі оқушы өз деңгейін өзі таңдайды, яғни өзінің білім мөлшеріне қарай болжаудағы қажетті тапсырмалар мөлшерін таңдап алады. Болжау деп отырғанымыз оқушылардың қойылған мақсатты меңгеруін анықтауға арналған өздік жұмыс.

В.М.Монаховтың педагогикалық технологиясы бойынша болжауды құру барысында мына жеті аксиома орындалу керек:

1-аксиома. Өзіндік жұмыстың (ӨЖ) екі түрі бар: білім беру стандарты (программа) деңгейіндегі тапсырма, көтеріңкі деңгейдегі тапсырма.

2-аксиома. Стандартты ӨЖ төрт тапсырмадан тұрады: алғашқы екеуі стандартты деңгейінде, соңғы екеуі көтеріңкі деңгейде.

3-аксиома. ӨЖ-тың жалпы түрі:

1)білім беру стандарты талаптары деңгейіндегі тапсырма;

2)білім беру стандарты талаптары деңгейдегі тапсырма;

3) «Төрттік» баға деңгейіндегі тапсырма;

4) «Бестік» баға деңгейіндегі тапсырма.

4-аксиома. Алғашқы екі тапсырма қиындығы жөнінен бірдей, оқушыларға түсінікті әрі қарапайым болу керек.

5-аксиома. Білім беру Заңына (әрбір 3 оқушы стандарт деңгейіне жетуге міндетті, одан әрі ол осы деңгейде тоқтай ма, жоқ па әлде әрі қарайғы деңгей тапсырмасын орындай ма, ол оқушының өз еркі) сәйкес кез келген оқушы тапсырманы берілген тәртіп бойынша және екінші тапсырма орындалмай тұрып үшінші сол сияқты төртінші тапсырманы орындауға болмайды.

6-аксиома. «Төрттік» бағаға берілетін №3 тапсырма алғашқыларға қарағанда қиынырақ болу керек. Тапсырманың қиындығы болжанатын мақсаттың мазмұнына байланысты.

7-аксиома. «Бестік» бағаға берілетін №4 тапсырма №3 тапсырмаға қарағанда қиындау болуы керек.

Міне, осы аксиомалар талаптары толық сақталғандща болжау жұмысының тапсырмалары алдыға қойған мақсатқа толық жеткізеді.

Осы аксиомаларға нақтырақ түсініктемелер берейік. 3-аксиомада болжамдағы тапсырмалар саны көрсетіледі. Онда білім беру стандарты талаптары деңгейіндегі тапсырма саны екеу екені айтылған. Оның себебі «егер оқушы алғашқы екі тапсырманы ешқандай қатесіз орындаса, онда оның білімі «мемлекеттік талаптарына» сай келеді және ол сынақтан өтті деген белгі алуына толық мүмкіндігі бар. Егер тапсырманың екеуі де орындалмаса, онда оқушы түзету (коррекция) тобына түседі. Егер екі тапсырманың біреуі дұрыс, ал екіншісі қате болса, онда ол оқушының да сынақтан өтуге мүмкіндігі бар, егер ол технологиялық картадағы «Сабақтан тыс өз бетімен орындайтын тапсырмалар» бөлігіндегі тапсырманың стандарт деңгейіндегі жаттығуларын толық орындаса.

Келесі кезекте «бестік» деңгейін анықтайды, яғни №4 тапсырманың үлгісін құрады. «Бестік» немесе ең жоғары деңгей тапсырмасы оқушылардың ойлау, есте сақтау дағдыларын жылдамдығын тексеру мақсатында болу керек. №3тапсырманың («төрттік» баға деңгейінің талаптары) қиындығы стандарт пен жоғары деңгейдің арасындағы аралық деңгей болып шығады. В.М.Монахов эксперименттік зерттеу нәтижелерінің қорытындысы бойынша «төрттік» деңгейдегі бағаның оқу орнының түріне қарай мынадай мөлшерін ұсынады: егер гимназия немесе лицей болса, онда «төрттік» бағаның деңгейі «бестік» бағаның деңгейіне, ал жалпы орта білім беретін орта мектепте «төрттік» бағаның деңгейі стандарттың деңгейіне жақындатып алу тиімді болады.

3.Оқушылардың сабақтан тыс бетімен орындайтын тапсырмаларын мөлшерлеу бөлігі. Бұл бөліктің практикалық мақсаты – оқушылардың болжау тапсырмаларына дайындығы.

Адамгершілік мақсаты – оқушыға бірінші рет «білім туралы» Заңға сәйкес өз бағасын таңдауға мүмкіндік беріледі, яғни қойылатын баға деңгейіндегі тапсырмалар жиынтығын таңдау.

Негізгі мақсат – артық тапсырмадан арылу.

Мұнда да қойылған мақсаттар санына байланысты, әрбір мақсатқа үш деңгей бойынша тапсырмалар жиынтығы беріледі. Технологиялық жобаның авторы – сабақтан тыс өз бетімен орындайтын тапсырмаларды мөлшерлеу бөлігінде оқушыға тексеру жұмысы кезінде өзінің таңдаған деңгейіндегі бағаны алуға кепілдік беретін тапсырма көлемін орындап дайындалуды ұсыну керек. Технология бойынша оқыту үрдісі кезінде де әдеттегі үйге берілетін тапсырмадан бас тартуға болмайды. Үй тапсырмасының әрқайсысының деңгей бойынша анықтап, оның қай деңгейін орындауды таңдауын оқушылардың өз еріктеріне беру қажет. Технологияның үш элементі: мақсат қою, болжау, үй тапсырмасын мөлшерлеу өзара тығыз байланыста, олардың әрқайсысы екіншісінің мазмұнын толықтырып отырады. Мақсаттың саны мен мазмұны, онда анықталған оқушыларды дамыту міндеттері тақырыпты оқытудың логикалық құрылымын құрайды. Мұнда әрбір мақсатқа жетудің уақытша ұзақтығы беріліп, сабақтың негізгі және көмекші құралдары анықталады, оқушыларды дамыту бағдарламасы құрастырылады.

Уақытпен есептелген ұзақтық қойылған мақсатқа жетуге жеткілікті болатын тақырыпқа берілетін сағат санымен анықталады. Әдеттегі күнтізбелік жоспарлаудан айырмашылығы, мұғалім оқу үрдісінің субъективті жағдайларға байланысты болатын сабақтың үйлесімді үдемелілігін кәсіпкерлік шеберлігі, сыныптың білім деңгейі және көмекші құралдарын қарастыру өзара байланыста болатын жаңа білім элементтерінің тізбесін және негізгі тақырыпты өту барысында қажет болатын қосымша ұғымдардың тізбесін анықтауды қажет етеді. Біздің жұмысымызда көмекші құрал ретінде қайталау тақырыптары алынған. Қайталау тақырыптары жаңа ұғымды енгізу барысында, оның түсінікті болуы үшін және жаңа ұғымды ілгеріде өткен ұғымдармен байланыстыру үшін қажет. Сыныптағы оқушылардың жекеше ерекшеліктеріне байланысты оқу үрдісінің логикалық құрылымына оқушылардың ойлау қабілетін, есте сақтау, сөйлеу мәнерін, ынтасын дамыту енгізіледі.

Технологиялық ең соңғы «Түзету» (коррекция) бөлігін қарастырайық. Бұл бөлік сынақтан өтпеген, яғни білім дәрежесі мемлекеттік стандарт деңгейінен төмен оқушыларға арналған. Бұл бөлікте негізі үш жағдай қамтылады.

Бірінші – қойылған мақсатқа қатысты оқу материалын меңгеру барысындағы мүмкін болатын қиындықтар.

Екінші - өтілетін тақырып бойынша оқушыларда жіберілетін негізгі қателіктер.

Үшінші – оқушы білімін стандарт деңгейіне көтеру үшін педагогикалық және әдістемелік түрдегі іс-шаралар.

Технологиялық картада неше мақсат болса сонша түзету жұмысы болады, яғни осы аталған үш жағдай әр мақсат үшін жеке-жеке жазылады.

Осы айтылғандарды қорыта келіп, технологиялық картаның жалпы құрылымын төмендегі сызбадан көруге болады.

Сызбада технологиялық картаны толтыру реті рим цифрымен көрсетілген.

Технология негізінде жобалаудың келесі кезеңін, жобаның негізгі ойын жүзеге асыратын сабақтың ақпараттық картасын (САК) дайындау.САК- технологиялық картадағы көрсетілген шағын мақсаттарды, ондағы сағат санына байланысты жіктеп жазуға арналған.САК-те оқу материалының толық мазмұны, сабақтың мақсаты мен міндеттері, мұғалім мен оқушы арасындағы қарым-қатынас нәтижесі оқыту құралдарын қолдану кезеңдері қарастырылады.  

Категория: Инновационные технологии обучения | Добавил: erkin (23.05.2008)
Просмотров: 9997 | Комментарии: 3 | Рейтинг: 4.6/13 |
Всего комментариев: 3
3  
Ой азамат! өркенің өссін!

2  
Керемет сайт !!! Қысқа да нұсқа , әрі пайдалы , мазмұнды!!!Рахмет !!! Сайттың дизайны қандай стильді !!!

1  
Сабақта бұл технология элементтерін пайдалануды бастадым. Рахмет!

Добавлять комментарии могут только зарегистрированные пользователи.
[ Регистрация | Вход ]
Приветствую Вас Гость

Поиск
Друзья сайта
Статистика

Онлайн всего: 5
Гостей: 5
Пользователей: 0

Copyright MyCorp © 2016
Сделать бесплатный сайт с uCoz