“Жазғы тәжірибе алаңы” жұмысы жанданып келеді - Мои статьи - Каталог статей - Дуйсенбаев Еркин САЙТЫ

Дуйсенбаев Еркин САЙТЫ

Меню сайта
Категории каталога
Мои статьи [109]
Статьи по методике [3]
современные интерактивные методы обучения, инновационные технологии, культура современного урока, методика преподавания предметов
Статьи по воспитанию [0]
Статьи по ПК [0]
Статьи по педагогике [0]
Современная дидактика, теория обучения и воспитания, философия образования
Статьи по менеджменту [0]
Теория управления, система менеджмента, мониторинг и диагностика
Наш опрос
Сайтымды калай багалайсыз?
Барлық жауап: 3907
Главная » Статьи » Мои статьи

“Жазғы тәжірибе алаңы” жұмысы жанданып келеді

"Жазғы тәжірибе алаңы” жұмысы жанданып келеді

 

2006 жылғы 17-21 маусым аралығында Жалағаш ауданының "Ақ терек” тынығу лагерінде шығармашылықпен жұмыс жасайтын мұғалімдердің кезекті бес күндік "ІV облыстық тәжірибе алаңы” жиыны өткізілді. Оған қала мен аудан мектептерінен тоқсаннан астам мұғалім қатысты. Бес күндік жұмыс барысында ізденімпаз ұстаздар мен шығармашыл мұғалімдер өздерінің оң іс-тәжірибелері мен құнды идеяларын ортаға салып, тиімді әдістер мен жақсы нәтижелер туралы сөз қозғады.

2005 жылғы 17-21 маусым аралығында "Кәсіби біліктілік – табыс кепілі” тақырыбында, 2006 жылғы 17-21 маусым аралығында "Нәтижеге бағдарланған оқыту – заман талабы” тақырыбында өткізілген облыстық "Жазғы тәжірибе алаңы” 2002 жылы бастау алып, 2003 жылы ресми жалғасын тапқан, қазіргі таңда дәстүрге айналған шығармашыл мұғалімдердің өзекті мәселелер бойынша ой бөлісуге бағытталған бас қосуы болып табылады.

Бірнеше жыл қатарынан Сырдария ауданының "Жалын” тынығу лагерінде өткізіліп келген бұл шара биыл бірінші рет Жалағаш ауданына қоныс аударды. Бiлiм қызметкерлерi кәсiподағы облыстық комитетi (төрайымы Райкүл Мансұрқызы Байназарова) жылдағыдай жатын орны мен тамағына қомақты қаржы бөліп, демеушiлiк жасады. Осы жерде Мұқан мен Қалдыгүл бастаған Жалағаш аудандық білім бөлімі қызметкерлері мен Ләйла бастаған "Ақ терек” тынығу лагері ұжымының жоғары деңгейде ұйымшылдық пен қонақжайлық танытқанын атап айта кету керек.

Бұл жиынға тағы да шақырумен келіп, былтырғыдай ББЖ КБАРИ-дің педагогика және психология кафедрасының меңгерушiсi, п.ғ.к Ботагүл Алтайқызы Тұрғынбаева және сол кафедраның қызметкері Әлия Ісләмқызы Іргебаева қатысып, ғылыми тұрғыдан жетекшiлiк жасады. "Жазғы тәжірибе алаңы” жұмысына 2002 жылы сол институттың ғылыми қызметкері К.Құдайбергенова Г.Нұрпейісовамен бірге келіп, ал 2003 Л.Әпшеновамен бірге келіп, арнайы ғылыми жетекшілік жасаған болатын.

Биылғы жиынның бір ерекшелігі өткен жылғыдай алғашқыда "жан-жағына үрке қарап”, айтылған әңгімелердегі "астарына үңіліп”, сенбестік танытып, сыншыл сұрақтар арқылы "додаға түскен тұлпарлардың тізгінін” тартқылайтындар тым көп болған жоқ. Қайта басқа ауданнан болса да, шығармашылық қабілеті "шабысынан танылған тұлпарларға” жиын үстінде дем беріп, делебесін қоздырып отырғандар молдау болды. Бұл "шығармашылықта да шекара болмайтынын” білдірсе керек.

Биылғы жылдың тағы бір бір өзгешелігі жиында "тілінің шөңгесі, көңлінің көмбесі бар” қыздар мен жігіттердің көптігі болды. Олар өткен әрбір іс-шара мен әр күннің күнгейі мен көлеңкелі тұстарын нақ сол күні әдемі әзіл, қисынды қалжың арқылы көрсетіп беріп, шығармашыл ұстаздар жүрегінен жалынды жыр да, нәзіктеу наз да шығатынын, әуенді ән де, сүйкімді саз да шығатынын, тіпті ешкім ескере бермейтін шөлді аймақтардан, шындап іздесе "мұнай мен газ да”  шығатынын айғақтай отырып, күнде кешке көрермендердің "екі езуін екі құлағына іліп қойып” отырды.

Жиын аясында жыл сайын жиырмаға жуық іс-шара өткізіледі. Солардың ішінде қатысушылар көңілінен шығып, дәстүрлі шараға айналғаны аз емес. Дәстүрге айналған шаралар

Шығармашыл ұстаздардың "ойлай да білген адамның тойлай да білетін” ауылдан екені байқататын, жыл сайын өткізіліп келе жатқан "Біздің аудан осындай” тақырыбындағы "Стол резюмесі” ойыны мен әр ауданның өзін-өзі таныстыру кеші шығармашыл ұстаздардың шығармашылық әлеуеті қандай екенін, аудан намысын қорғауға кімдер келгенін байқататын, сонымен қатар қатысушыларға алғашқы күннің өзінде тамаша көңіл-күй сыйлайтын шаралар ретінде есте қалып жүр.

"Оқыту әдістемесін жетілдіру жолдары” тақырыбындағы идеялар аукционы кезінде шиелілік Д.Шегебаевтың "Әмбебап текше” және жаңақорғандық Т.Жұпарбаевтың "Қалдықсыз технология” идеялары былтырғы белестерін бір адым кейін жылжып, қазылар тарапынан да, көрермендер тарапынан да жоғары баға алған сунақаталық Әмудилла Дәулетовтың "Сығанақ дөңгелегі” идеясына "ығысып, төрден орын берді”.

Биылғы жиындағы шығармашылықтың шырайын шығарып, талапкерлердің танымын таразылаған "Брейн-ринг” және "Эрудит” сайыстары болды. Өкінішке орай, қойылған сұрақтардың жартысына жуығына жауап табылған жоқ. Бұл бағытта жүргізілетін жұмыстар келешекте күшейе түспек.

Былтырғы "Алаң жұлдызы” болған жаңақорғандық Тұрсынбек Жұпарбаев биыл "Сегiз қырлы, бiр сырлы жігіт” болып танылса, былтырғы "Сегiз қырлы, бiр сырлы” жiгiт Абдулла Сапар биыл "Алаң жұлдызы” болып жарқырады. Жалағаштықтар "Ең көңілді команда” атанса, "Ең үздік спорт командасы” атағын қармақшылықтар жеңіп алды. "Ең озат идея” жаңақорғандық Әмудилла Дәулетовтың еншісіне тисе, "Үздік авторлық жоба” шиелілік Бауыржан Әбішевтің қанжығасында кетті.

Өз деңгейінде өткізілмей жатқан шаралар

"Оқушыда түйінді құзырлылықтарды қалыптастыру” және "Оқыту үрдісін технологияландыру жолдары” деген атпен секция жұмыстары жүрігілсе, "Қазіргі сабақты технологиялық негізде жобалау” атты семинар-практикум, "Оқушы білім-білік диагностикасы және даму мониторингі” тақырыбындағы семинар-тренинг өткізілді.

"Білім беру бағдарламалары” тақырыбындағы авторлық жоба қорғау сайысы көп ауданның "бастысы ұту емес, қатысу” деген оймен келгендігін көрсетті. Сынға түскен он жұмыстың үшеуі жоба деген атқа лайық боп, екеуі жүйе деген есімді еншілей алатынын қазылар алқасы қынжыла айтты. Апыр-ау, он бес мыңнан астам мұғалімі бар облыста жоба жасай алатын он бес мұғалімнің болмағаны ма? Әлде, "ерлікті жасамаудан, оны бағаламау қауіпті” дегендей, бар жобаны бағалап, сапасын сараптайтын білім бөлімдеріндегі әдіскерлердің біліктіліктері төмен бе? Жалпы алғанда, білім бөлімдеріндегі әдіскерлер қауымына "мамандардың бәрі жақсы, тек сен оны таңдай біл” дегіміз келеді.

Өткен жылдармен салыстыра отырып, осы жұмыстарды ұйымдастыру бағытындағы жетістіктеріміз бен кемшіліктерімізді сараптап, саралайтын болсақ, "облыстық "Жазғы тәжірибе алаңы” жұмысы жанданып келеді” нық сеніммен айтуға болатын секілді. Оған мына пікірлер айғақ бола алады:

1.Облыстық "Жазғы тәжірибе алаңының” арнайы ережесі жасалып, шығармашыл мұғалімдер арасында талқыланып, облыстық білім беру департаментіне бекітуге ұсынылды.

2.Өткен жылғы "Жазғы тәжірибе алаңының” жұмыс қорытындысы талқыланып, арнайы кітапша етіп шығарылды.

3.Облыс мектептеріндегі инновациялық процестерге талдау-сараптау жасайтын өңірлік орталық жанынан диагностикалық сараптау орталығы құрылды.

4.Облыстық "Жазғы тәжірибе алаңының” жұмысына ББЖ КБАРИ (Білім беру жүйесі кадрлар біліктілігін арттыру республикалық институты) ғылыми қызметкерлері тұрақты түрде жетекші ретінде қатыса бастады.

Дегенмен, кемшіліктер де аз емес:

1.Облыстық "Жазғы тәжірибе алаңының” жұмысы аясында білім беру мекемелерінің басшыларының басын қосу бір-ақ рет (2003 жылы) өткізіліп, тоқтап қалды. Ал, шынына келсек, мектептегі оң инновациялық үрдістерге дем беріп, демеу жасайтын солар емес пе?

2.Облыстыға маңдай алды жоғары білім беру орны ҚМУ мамандары бұл істен қалыс қалып қойды. Педагог мамандарды көптеп даярлайтын бұл оқу орнының мамандарының мұғалімдердің әдістемелік шеберлігі мен кәсіби біліктілігінің қазііргі жай-күйі мен нақты деңгейін "көзбен көріп, құлақпен естігені” өте дұрыс болар еді.

Қорытынды жиын соңы банкетке ұласып, онда шығармашыл ұстаздар екі ауданнан біріге отырып, "Әзілің жарасса …” деген атпен қызықты әзiл-сықақ кешiн көпшiлiк назарына ұсынды. Көңілді кеш барысында қызылордалықтар мен жаңақорғандықтар интермедиялармен езу тартқызса, аралдықтар мен сырдариялықтар қазақы қалжыңдарымен тәнті етті, ал әзілдің әдемісі мен қалжыңның қызықтысын шиеліліктер мен қазалылықтар көрсетті.

Ерекше атап өтер бір нәрсе, жиынға облыстық білім беру департаментінің директоры Жаңыл Алпамысқызы Жонтаева келіп, шығармашыл ұстаздармен кездесу өткізді. Ұстаздар ҰБТ қорытындысы бойынша білім сапасы жоғарылай түсіп, облыс бойынша "Алтын белгі” саны жыл ішінде 37-ден 59-ға көтерілгенін зор қуанышпен қарсы алды. Көкейде жүрген сұрақтарын қойып, өздерін мазалаған ойларды ортаға салған ұстаздар қауымына облыстық білім беру саласының басшысы жан-жақты жауап бере отырып, өзінің кез келген игі бастамаға қолдау жасайтынын сездірді.

Жиынның ең жағымды жаңалығы облыс әкімінің орынбасары Мұрат Әбеновтың қорытынды жиынға келіп, "Тәжірибе алаңы” жеңімпаздарын марапаттауы болды. Сонымен қатар облыстың экономикалық жағдайы мен білім беру саласының қазіргі жай-күйі жөнінде ой бөлісіп, ұстаздар тарапынан қойылған сұрақтарға жауап берді.

Бұл екі кездесу "Облыстық тәжірибе алаңы” жұмысының, жоғары деңгейде қолдау табар болса, керемет келешегі бар екенін білдірсе керек.

Бiр қынжыларлық нәрсе, бұл жиында Жалағаш (Р.Әзбергенова) пен Сырдариядан (Е.Әжікенов) басқа бiлiм бөлiмдерiнің меңгерушілері "төбе көрсеткен” жоқ. Cонымен бірге, тек екі ауданның ғана әдістемелік кабинет меңгерушілерінің (Шиеліден Ж.Баймұратова мен Қармақшыдан Қ.Аймаханова) жиынға бастан-аяқ қатысуы, басқа білім бөлімдерінің инновациялық жұмыстарға қаншалықты мән беріп, маңыз артатынын байқатып тұрғандай. Бұл нәрсе ұйымдастыруда ептілік танытқан қазалылық Мира мен аралдық Жәнібектің ерен еңбектерін, жаңақорғандық Әсима мен сырдариялық Бисеннің қажыр-қайратын төмендетпегенімен, аудандардың мерейін асқақтата қоймаса керек. Осы бес күн ішінде баптауы аздау болған Тайбурыл секілді әлеуеті жоғары қанша ұстаз бір секіруі кем болып, жүлде мен жетістіктің жалына қол жеткізе алмады?! "Сұңқарына жағдай жасамаған ел майдалардың мазағына” қалатынын ұмытпау керек. Бұдан шығар қорытынды "сен де бір кірпіш дүниеге, кетігін тап та, бар қалан” деп Абай атамыз айтқандай, білім бөлімдеріндегі әдіскерлер "қорқыту арқылы құрметтетуге құмарлау” адамдар жақын тұратын "инспекторлық жұмысқа” бет бұра бермей, "өксіген өгей баланың күнін кешкен” өз жұмысымен арнайы айналысқан жағдайда ғана облыс ұстаздары өздерінің бар мүмкіндігін ашып көрсетіп, әр түрлі сайыс-байқауларда әрдайым табыс биігінен көріне алатын болады.

Өңірлік орталық әдiскерлерi iшiнен Жанат Құрманаева мен Қуаныш Қабылованың өнер кештерін өткізудегі, Сәбира Насипова мен Орынкүл Мыханованың, Ақмарал Ләпбаева мен Жанат Ахметованың тренингтер мен топтық жұмыстар жүргiзудегi, Айдар Балғожаевтың тренингтермен бірге газет шығару мен оған фотоматериалдар әзiрлеудегi еңбектерiн ерекше атап өтуге болады. Өңірлік орталық директорының орынбасары міндетін атқарушы Гүлфара Әбжанқызы Айсауытова барлық ұйымдастыру жұмыстарына басшылық жасай отырып, барлық шаралардың талапқа сай өтуіне тікелей ықпал етіп отырды.

Дегенмен, өңірлік орталықтың өзінде бұл жиынға науқандық шара ретінде қарайтындар аз емес. Шығармашыл ұстаздардың сапалы білім беру қызметін барып көруге мүмкіндік таппай жүргенде, алдына өзі келіп барын жайып салатын керемет кезеңдерден ұстаздардың ұстазыан айналып отырған облыстық өңірлік орталық әдіскерлері неліктен сырт қалғысы келетіні түсініксіздеу нәрсе.

Бұл жер облыс білім беру мекемелерінің алдыңғы қатарлы ұстаздарының танымдық қабілеті мен шығармашылық әлеуеті сынға түсіп, "шын жүйрік шабысынан танылатын” орын екені білгілі. Тіпті облыс әкімінің бір реттік сыйақысына үміткерлер де осы жерде облыстық сараптау комиссиясының ғана емес, шығармашыл ұстаздар алдында да сынға түсіп, өзінің барлық қырларын ашып көрсете алар еді. Облыстық сараптау комиссиясын бес күн ішінде үміткерлер еңбегін жан-жақты сараптап, толық талдауға мүмкіндік алар еді.

Иә, шынында да, облыстық "Жазғы тәжірибе алаңы” жұмысы жанданып келеді!

 

Дүйсенбаев Еркiн, облыстық тәжiрибе алаңының ұйымдастыру алқасының мүшесi

17 қыркүйек, 2006 жыл

Категория: Мои статьи | Добавил: erkin (27.05.2008) | Автор: Еркин Дуйсенбаев
Просмотров: 2459 | Комментарии: 2 | Рейтинг: 3.0/2 |
Всего комментариев: 2
2  
Негізінен тәжірибе алаңының мұғалімдер үшін маңызы зор деп білемін. Өйткені онда мұғалімдер өз білімдерін, іс-тәжірибелерінен көптеген мағлұматтар ала алады, өз бойындағы шығармашылық жұмыстарының кемшілік-жетістіктерін бағалай біледі. Өзін-өзі таныта алады және кезекті еңбек демалысы алдында жақсы көңіл-күймен демалысқа шығады.

1  
"Жазғы тәжірибе алаңы" облыс мұғалімдерін таныту, жұмыстарын жүйелеу екені даусыз.Алаңның ең тартымды тұсы - ББЖ КБАРИ ғылыми қызметкерлерімен бетпе-бет кездесу болды.

Добавлять комментарии могут только зарегистрированные пользователи.
[ Регистрация | Вход ]
Приветствую Вас Гость

Поиск
Друзья сайта
Статистика

Онлайн всего: 1
Гостей: 1
Пользователей: 0

Copyright MyCorp © 2016
Сделать бесплатный сайт с uCoz