Озат тәжірибе туралы ойлар-1 - Мои статьи - Каталог статей - Дуйсенбаев Еркин САЙТЫ

Дуйсенбаев Еркин САЙТЫ

Меню сайта
Категории каталога
Мои статьи [109]
Статьи по методике [3]
современные интерактивные методы обучения, инновационные технологии, культура современного урока, методика преподавания предметов
Статьи по воспитанию [0]
Статьи по ПК [0]
Статьи по педагогике [0]
Современная дидактика, теория обучения и воспитания, философия образования
Статьи по менеджменту [0]
Теория управления, система менеджмента, мониторинг и диагностика
Наш опрос
Сайтымды калай багалайсыз?
Барлық жауап: 3911
Главная » Статьи » Мои статьи

Озат тәжірибе туралы ойлар-1

Кіріспе

Басылым беттерінде озат тәжірибе туралы мақалалар көптеп басылып, тіпті арнайы кітапша түрінде жинақталып шығарылып та жатыр. Дегенмен, көпшілігінде, озат тәжірибенің өзінен гөрі оның иесі жайлы, оның жеткен жетістіктері туралы жалпылама айтылады да, озат тәжірибенің  негізгі идеясы мен тәжірибе иесінің  әдістемелік жүйесі (жоғары нәтижеге жеткізетін әдіс-тәсілдер жиынтығы), осы озат тәжірибенің дүниеге келуіне мұрындық болған жағдайлар, осы озат тәжірибе арқылы шешілетін мәселелер жайлы жеткіліксіз сөз болады. Осылайша негізгі нәрінен айрылған “озат тәжірибе” көпшілік пайдаланатын құнды құралдан гөрі, бір мұғалім туралы айтылған өмірбаян деректеріне ұқсап кетеді. Мұның бәрі – К.Ушинскийдің «Озат тәжірибені үйрену барысында бір адамнан екінші адамның алатыны – тек қана оның идеясы» деген сөзін ескермеу салдары.

Осы жерде мектеп көлемінде жалпылап, жинақтауға жарайтын озат тәжірибе мыңдап, аудан көлемінде таратуға болатын озат тәжірибе жүздеп саналатынын, ал облыс, республика көлемінде зерттеп, жинақтап, таратуға болатын озат тәжірибе саусақпен санарлық екенін айта кетуіміз керек. Өткен ғасырдың тоқсаныншы жылдары Москва облысында мұғалімдердің біліктілігін арттыру институты тарапынан жүргізілген зерттеу жұмыстарының қорытындылары бойынша мектепішілік деңгейде қолданылып жатқан он мыңға жуық озат тәжірибе, аудандық және қалалық көлемде қолданылып жатқан 1200 озат тәжірибе, ал облыстық деңгейде пайдаланылып жатқан жүзден сәл ғана асатын озат тәжірибе бар екен. Қызылорда облысында осының оннан бірі бар деп есептесек, облыстық деңгейде сипаттап жазуға болатын он шақты ғана озат тәжірибе бар болып шығады екен.

Мектептегі озат тәжірибені зерттеу бағытындағы әдістемелік жұмыстарды қайта құрудағы маңызды нәрсе мектепішілік бақылауды күшейту де емес, ашық сабақтар мен семинар-конференцияларды жиі өткізу де емес, бірінші кезекте педагогикалық ұжымда ынтамақтастық қарым-қатынас қалыптастыру болмақ. Сонымен бірге, әр ұстаздың өзіндік ерекшелігін ескере отырып, мектепте тұлғалық бағыттағы жеке жұмыстарды жолға қою өте маңызды міндет болып табылады. Бұл жұмыстарды жүзеге асыруға мектептің аудан орталығынан алыстығы емес, аудан бойынша ортақ әдістемелік қызмет желісінің жоқтығы көбірек әсер етеді.

Себебі: озат тәжірибені зерттеу, жинақтау, талдау және жалпылау жұмыстарында:

Ø      Зерттеу жоспарлы емес, стихиялы түрде жүргізіледі;

Ø      Терең талдау аз, жалпылама сипаттау басым болады;

Ø      Зерттеу диагностикалық негізде жүргізілмейді;

Ø      Жалпылау ғылыми емес, эмприкалық деңгейде болады.

 Енді осы мәселелердің себеп-салдарлық байланысын ашып қарар болсақ, мынадай жағдайлар анықталады:

ü      Озат тәжірибені зерттеу барысында жергілікті жердің сұранысы ескерілмегендіктен, оның құндылығы төмен болуда.

ü      Озат тәжірибені зерттеу барысында терең талдау мен теориялық жалпылау жасалмағандықтан, оның сапасы нашар болуда.

ü      Озат тәжірибені зерттеу барысында мектеп-аудан-облыс байланысы нашар болғандықтан, зерттеуде кешенділік пен жүйелілік жетіспейді.

ü      Озат тәжірибені зерттеу барысында құнды идеялар дұрыс іріктелмегендіктен, жалпылауда негізділік пен ғылымилық аздау.

ü      Озат тәжірибені зерттеу барысында зерттеудің негізгі ұстанымдары сақталмағандықтан, оның тереңдігі мен құндылығы төмен болуда.

Осындай жағдайлардың нәтижесінде кейбір жинақтар іс-тәжірибеден мысалдар түрінде ғана берілсе, кейбір жинақтар мақсат-міндеттер мен іс-әрекеттер тізбесі түрінде қалып отыр. Сондықтан, тәжірибелі және шебер ұстаздардың озат тәжірибесін зерттеу емес, олардың іс-тәжірибесінен мысалдар келтіру басым болып жатыр.

Озат тәжiрибе деген не?

Педагогикалық тәжірибе практика нәтижесі ретінде шындық өлшемі болып табылады: ол ендірілген жаңаруларды (инновацияларды) не растайды, не теріске шығарады. Ол тәжірибе дәстүрлі негізден бастау ала отырып, шығармашылық ізденіс пен жаңашылдыққа ұштасып жатады.

Кейбір мұғалімдер педагогикалық мәселені педагогикалық міндеттен ажырата алмайды. Мысалы, өз пәні бойынша жоғары көрсеткіштерге жету үшін мұғалім оқушылармен қосымша сабақтар ұйымдастырады, үйге нормадан тыс көп тапсырмалар береді. Бұл жұмыстар алғашқы кезде уақытша нәтижелерге жеткізуі мүмкін. Бірақ бұл жағдайда оқушылардың танымдық қызығушылығын арттыру мен олардың қоғамдық құндылықтарын қалыптастыру сияқты маңызы жоғары педагогикалық мәселелер назардан тыс қалып қояды. Жалпы алғанда, қосымша сабақтар мен тапсырмалар арқылы алынған нәтижелер педагогикалық шеберліктің және озат тәжірибенің маңызды белгісі, құнды қасиеті емес. Тіпті интуитивті жолмен табылған (теориялық негізделіп, әдістемелік жалпыланбаған) оқу-тәрбие жұмысындағы кейбір күрделі міндеттердің тамаша шешімдері де озат тәжірибенің негізгі белгілері болып саналмайды.

Педагогикалық озат тәжірибе – практика жүзінде іске асырылған алдыңғы қатарлы педагогикалық идеялардың жиынтығы. Педагогикалық озат тәжірибенің мәнін тереңірек түсіну үшін педагог-ғалымдар оны қай тұрғыдан қарастыратынын білу керек. Озат тәжірибе педагогикада қазір бірнеше бағытта қарастырылады:

Педагогикалық озат тәжірибені мұғалімдердің өзіндік білім жетілдіру жүйесінің құрамдас бөлігі ретінде қарастыру мұғалім өзінің және өзгелердің құнды іс-тәжірибесін зерттеп, жалпылау арқылы өз білімін жетілдіре алатынын білдіреді.

Педагогикалық озат тәжірибені мектептегі әдістемелік жұмыстың тиімділігін арттырудың қажетті шарты ретінде қарастыру жақсы жолға қойылған озат тәжірибені зерттеу ісі арқылы мектептегі әдістемелік жұмыстың тиімділігін едәуір арттыруға болатынын көрсетеді.

Педагогикалық озат тәжірибені мұғалім мен әдіскердің педагогикалық шығармашылығын дамыту құралы ретінде қарастыру педагогтың озат тәжірибеге жүйелі зерттеу жүргізуі  өз шығармашылығын дамытуына ықпал ететінін байқатады.

Педагогикалық озат тәжірибені тәжірибе педагогикалық үрдістер мен жүйелерді ғылыми зерттеу әдісі ретінде қарастыру ізденімпаз мұғалімдер үшін педагогикалық үрдістер мен жүйелерді ғылыми зерттеуге жол ашатынын білдіреді.

Педагогикалық озат тәжірибені педагогика ғылымы мен практиканың өзара жүйелі байланысы ретінде қарастыру озат тәжірибе шын мәнінде ғылым мен практиканың сабақтастығы ретінде қарастырылатынын көрсетеді.

Педагогикалық озат тәжірибені педагогикалық іс-әрекеттің ерекше түрі ретінде қарастыру әрбір ұстаздың озат тәжірибені зерттеп, жалпылауы оның әдістемелік қызметінің ерекше бір саласы болып табылатынын байқатады.

Бұл қарастырулардың барлығы озат тәжірибенің өзіндік мәнін аша отырып, оның өзге іс-тәжірибе түрлерінен ерекшелігін ажыратып көрсетуге мүмкіндік береді. Тәжірибенің түрі көп екені белгілі: оң тәжірибе, эксперименттік тәжірибе, озат тәжірибе және жаңашылдық тәжірибе. Ұстаздан жоғары кәсіби және әдістемелік шеберлікті қажет ететін, жаңа нормативтік талаптарға негізделген тәжірибе оң тәжірибе, ал қарапайым мектептегі қатардағы мұғалімнің, көпшіліктің сұранысын қанағаттандыратындай дәрежедегі,  тиімді жолмен қол жеткізген керемет жетістігіне негізделген тәжірибе озат тәжірибе деп аталады. Эксперименттік, озат  және жаңашылдық тәжірибе озық тәжірибелер қатарына жатады, тек оң тәжірибе ғана оған жатпайды. Осылардың ішінде тек озат тәжірибе ғана оқу-тәрбие үрдісінің тиімділігін арттыруға бағытталған күшті құрал бола алады. Қалған тәжірибелер озат тәжірибенің құрамдас бөліктері болып табылады.

Озат тәжірибе иесі деген кім?

Күнделікті сабақ беру барысында балаға терең білім, тәлімді тәрбие беру - әр мұғалімнің басты арманы екені даусыз. Оған жету үшін оқытудың мазмұн, мақсат, әдіс–құрал, жағдай сияқты негізгі салалары бойынша көп тәжірибе жинақтау керек-ақ. Оның екі жолы бар: бірі-өзгелердің озат тәжірибесін зерттеп-үйреніп, күнделікті тәжірибеде қолдану, екіншісі-эксперимент жолымен өзіндік жұмыс стилін қалыптастырып, өз тәжірибеңді жинақтау. Көп жағдайда бірінші жолды белгілі бір дәрежеде игеріп барып қана, екінші жолға түсуге болады деп есептеледі.

Жалпы алғанда, тәжірибелі мұғалім дегеніміз кез келген педагогикалық мәселені практикалық  тұрғыдан  шеше   алатын,  өз  ісінің  шеберіне  айналған кәсіби біліктілігі жоғары мұғалім. Осы уақытқа дейінгі кейбір түсініктер бойынша тек тәжірибелі мұғалім ғана шығармашылықпен жұмыс жасап, жаңашылдықпен айналыса алады делінетін. Мектеп өміріне педагогикалық инновациялардың тереңдей енуі бұл пікірдің негізсіздігін көрсетіп берді. Қазіргі жаңаша түсінік бойынша мұғалім оқыту барысында шығармашылық ізденіспен айналысу, өз тәжірибесінде әр түрлі жаңалықтар ашу арқылы ғана озат тәжірибе жинақтайды.

Педагог-ғалымдардың көрсетуінше, қазіргі кезде кәсіби біліктілігі мен әдістемелік шеберлік деңгейіне қарай ұстаздар төмендегіше жіктеледі:

Ø      Үйренуші – арнайы оқу орнында алған білімін мектеп практикасында пайдаланушы;

Ø      Ізденуші - өзінің және өзгелердің іс-тәжірибесін талдап, ой елегінен өткізіп, сараптаушы;

Ø      Шығармашыл – оқу-тәрбие үрдісінде белгілі бір бағыт бойынша сынақ өткізуші;

Ø      Жаңашыл – білім берудің жаңа жолдары мен тиімді әдіс-тәсілдерін, құралдарын ойлап табушы;

Ø      Шебер – педагогикалық қызметте оңтайлы әдістемелік жүйе құрастырған озат тәжірибе иесі;

Ø      Инноватор – педагогикада, білім беруде қазіргі талаптарға сай жаңа бағыт жасаушы.

Тағы бір айта кетер нәрсе, озат тәжірибе иесінің педагогикалық шеберлігі жоғары деңгейде болатындығы. Педагогикалық шеберлiк – кәсiби педагогикалық қызметтi ұйымдастырудың жоғары деңгейiн қамтамасыз ететiн ұстаздың тұлғалық қасиеттерiнiң жиынтығы.

Оның құрамдас бөлiктерi:

1.Гуманистiк бағыттылығы (қызығуы, құндылықтары, мұраттары);

2.Кәсiби бiлiм (пәндiк, әдiстемелiк, психологиялық);

3.Педагогикалық әбеп (адамгершілігі, ізгілігі);

4.Педагогикалық техника (өзін-өзі ұстауы, мимика, ым-ишара);

Шебер мұғалiмнiң педагогикалық озат тәжiрибесiн зерттеу бірнеше кезеңдерден тұрады:

1.Зерттеудiң мақсат-мiндеттерiн тұжырымдау, өзектi тақырыптарды айқындау.

2.Шебер мұғалiмнiң педагогика ғылымы мен мектеп практикасындағы өзектi мәселелердi шешудегi жетiстiктерiн айқындау.

3.Озат тәжiрибе туралы нақты мәлiметтер мен деректердi жинау:

а)тiкелей: оқу-тәрбие үрдiсiн бақылау, ұстаз және мектеп әкiмшiлiгiмен әңгiмелесу, мектеп құжаттарын талдау.

ә)жанама: педагогикалық әдебиет пен мұғалiм еңбегiнiң негiзгi қолжазбаларын, қосымша әдiстемелiк тапсырмаларды (сауалнама, сұрақ, ашық тест) зерттеу.

4.Озат тәжiрибенi талдау, жалпылау және қорытынды жасау: зерттелген тәжiрибенiң типтiк белгiлерi, педагогикалық мәнi мен маңызы, шебер мұғалiмнiң жұмыс жүйесiн негiздеу мен сипаттау.

  

Категория: Мои статьи | Добавил: erkin (27.05.2008) | Автор: Еркин Дуйсенбаев
Просмотров: 12390 | Рейтинг: 4.9/22 |
Всего комментариев: 0
Добавлять комментарии могут только зарегистрированные пользователи.
[ Регистрация | Вход ]
Приветствую Вас Гость

Поиск
Друзья сайта
Статистика

Онлайн всего: 1
Гостей: 1
Пользователей: 0

Copyright MyCorp © 2016
Сделать бесплатный сайт с uCoz