Нәтижелік рейтинг жүйесі - Мои статьи - Каталог статей - Дуйсенбаев Еркин САЙТЫ

Дуйсенбаев Еркин САЙТЫ

Меню сайта
Категории каталога
Мои статьи [109]
Статьи по методике [3]
современные интерактивные методы обучения, инновационные технологии, культура современного урока, методика преподавания предметов
Статьи по воспитанию [0]
Статьи по ПК [0]
Статьи по педагогике [0]
Современная дидактика, теория обучения и воспитания, философия образования
Статьи по менеджменту [0]
Теория управления, система менеджмента, мониторинг и диагностика
Наш опрос
Сайтымды калай багалайсыз?
Барлық жауап: 3910
Главная » Статьи » Мои статьи

Нәтижелік рейтинг жүйесі

“Нәтижелік рейтинг” жүйесі – білім сапасын бақылаудың тиімді жүйесі

Рейтинг жүйесі туралы түсінік

“Рейтинг” – жеке адамның сапалық жетістігін бағалаудың сандық көрсеткішін білдіретін, ағылшын сөзі. Педагогикаға спорт саласынан ауысып келген. Соңғы кезде, мұғалім еңбегінің кешенді бір көрсеткіші ретінде рейтинг туралы көп айтылып жүр. Дегенмен, мұғалім еңбегін рейтингілеу үшін қандай өлшемдерді негізге алу керектігі, оның мұғалім беделі мен жұмысқа деген ынтасына әсері, т.б. жағдайлар ғылыми тұрғыдан жан-жақты талданып, белгілі бір жүйелі пікір қалыптаса қойған жоқ. Сондықтан рейтингтік көрсеткіш ретінде, бірде огның білім деңгейі, бірде қоғамдық белсенділігі, бірде тьіпті берілген тапсырмаларды орындау барысы алынып жүр. Тіпті оның қаражат табуы, мектеп көгалдандыру мен безендіруге қатысы да есепке алынуда. Бірақ, бұл шаралар мұғалімнің сапалы сабақ беруінің деңгейін көтереді, сол арқылы оқушының сабаққа деген ынтасын арттырып, оқушылардың білім сапасын жоғарылатады дегенге сену қиын. Себебі, “мұғалім еңбегі де дихан сияқты жерге қанша дән сепкенімен емес, оның қаншачсы өсіп шыққанына” тікелей қатысты емес пе? Қазіргі орыс педагогикасындағы “мұғалім еңбегін баланың білімі арқылы бағалау” бағыты – осының айғағы. Бірақ мұнда да нақтыланбаған жұмыстар, даулы мәселелер жетерлік. Атап айтқанда, білім сапасы есебінде үлгерім көрсеткіштерін алу. Мұндағы үлкен кемшілік – бағалау барысында субъективтіліктің жоғары болуы. Соның әсерінен, бір мұғалім “бес” қойған білім деңгейіне келесі бір мұғалім “үш” қояды. Осыдан келіп үлгерім сапасының баланың шын “білім сапасына” сәйкес келмеуі пайда болады. Дәл сол сияқты, оқушылар еңбегін бағалауда да бірде баланың талабы, енді бірде берілген тапсырмаларды тұрақты орындауы, ең әрі кеткенде дәл сол сәттегі білімі ескеріліп жүр. Нәтижесінде тәртіпті оқушы тентектеу балаға қарағанда, “флегматик” “холерикке” қарағанда, қажетті бағаны деп кезінде алып үлгерген оқушы жүйелі оқитын балаға қарағанда жоғары баға алып, бағалаудың ролі төмендеп кетуде. Бұл орайда, қазіргі жағдайда бағалау жүйесінің бұрыннан қалыптасқан сипатына сәйкес, көбіне баланы білмеген жерінен ұстауға бағытталғандықтан, баға – мадақтау емес, жазалау құралы ретінде жиі қолданылатынын да ескермеуге болмайды. Шешімін таппай келе жатқан келесі бір мәселе – бала білімін бағалауда біржақтылыққа ұрыну. Науқандық сипатта бой алдыру нәтижесінде, ұстаздар бірде жаппай ауызша сұрақ-жауапқа ауып кетсе, бірде тестік тексеруге бет бұрады. Алайда мұның алғашқысы аз уақыт ішінде білімді кешенді тексеруге, соңғысы жүйелілігі мен тереңдігін байқауға, ал бақылауда жүйелілік пен бірізділіктің болмауы білімнің беріктігін айқындауға мүмкіндік бермейді. Осы кемшіліктердің көбісінің алдын алып, мұғалім еңбегін бала бьілімінің сапасына қатысты дұрыс бағалауға мүмкін берер әдіс ретінде “нәтиже рейтингісін” қолдану керек сияқты.

“Нәтиже рейтингісінің” негізгі идеялары

1. Өспелілік. Атақты орыс педагогі В. А. Сухомлинский білім сапасы туралы бір сөзінде, “баланың талабы да, оқуға көзқарасы да, тіпті білімі де емес, тек алға жылжуы бағалануы тиіс” деген екен. Демек, педагогиканың алтын заңы бойынша, бала білім алу барысында өзгелермен емес, өзімен-өзі салыстырылуы тиіс.

2. Сапалылық. Жапон ғалымдары “сапа деген бір компанияның жүз қадам алға жылжуы емес, жүз компанияның барлығының бір қадамнан алға жылжуы” деп есептейді. Ендеше, ұстаз бен мектептің жұмыс нәтижесі бірнеше оқушының грант пен несиеге түсу-түспеуімен ғана емес, жалпы оқушылар ұжымының оқудағы алға жылжуымен айқындалуы керек.

3. Жүйелілік. Білім сапасы әр тақырып бойынша ғана емес, жалпы курс бойынша да жүйелі түрде тексерілмеген жағдайда оқушылар олқылықтарды дер кезінде анықтап, түзету шараларын жүргізуге мүмкін емес.

4. Кешенділік. Ойлау мен оқу икемділіктері дұрыс қалыптаспаған бала дұрыс білім ала алмайды. Олай болса, білім сапасын бақылау барысында да, алдымен оқушылардың танымдық-логикалық қабілеттері, сонан соң оқу икемділіктері, тек сонан соң ғана пәннің білімі тексерілуі керек сияқты. Ендеше, рейтинг жүйесі жеке оқушы мен оқушылар ұжымының алған білімдерінің өсімшесін ескере келіп, осы қағидаларға сәйкес құрылуы керек. Тек сонда ғана бағалау ұстаз еңбегінің нақты көрсеткішіне айналып, көптеген кемшіліктерді болдырмауға себеп болар еді.

Жүйенің басты ерекшеліктері:

Бұл жүйенің білімді тақырыптық есепке алудан басты өзгешелігі – тек бір тақырып аясында шектеліп қалмайтындығында. Ал бұрынғы рейтинг жүйесінен негізгі айырмасы – бала біліміне бөлек, ұстаз шеберлігіне бөлек бағалау жүргізбейтіндігінде. Жүйе дұрыс жұмыс істеу үшін жоғарғы басқару органдары тарапынан жүйелі бақылау мен әдістемелік көмек қажет.

Жүйені жүзеге асыру технологиясы:

1. Жыл басында және әр тоқсан басында оқушылар білімі түрлі салалар бойынша жан-жақты есепке алынып, диагностикалық карта жасалады.

2. Жан-жақты талдау жүргізіле отырып, сыныптың және жеке оқушылардың біліміне қосылатын өсімшелер болжанып, прогностикалық карта жасалады.

3. Мұғалім сол екі кесте негізінде тоқсан бойы оқушылардың білімді өз бетінше игеруіне жан-жақты көмек береді. Қиындау мәселелер бойынша топтық, кейбір мәселелер бойынша жеке жұмыстар ұйымдастырады.

4. Әр тоқсан соңында, сол салалар бойынша білімге қайта бақылау жасалып, сыныптың және әр оқушының біліміндегі өсімшелер арнайы анықталады.

5. Нәтиже бастапқы диагностикалық және прогностикалық карталарымен салыстырылып, жетістік пен кемшілік себептері анықталады. Жетістіктерді озат тәжірибе ретінде жинақтап, қорытып, тарату, ал кемшіліктердің алдын алу, себептерін жою жұмыстары жүргізіледі.

Ескеретін негізгі нәрселер мыналар:

1. Жыл басындағы және әр тоқсан сайынғы бақылаулардың мазмұны да, күрделілігі де шамалас болуы шарт. Кем дегенде 80℅-і сәйкестігін сақтайтын бірнеше нұсқалы түрлі салалардағы тапсырмалар жинағын жыл басында білім стандартына сәйкес жасап, әдістемелік орталықтарда талқыланып, бекітілуі тиіс. Бұл сынақ жұмыстарын құрастырудағы асығыстық пен мәтін мазмұнының тым қиын не оңай болуынан сақтайды.

2. Бақылау салалары оқушылардың білімі ғана емес, білік-дағдылары, шығармашылық қабілеттері секілді білімнің негізгі құрамдас бөліктерін де, білу, түсіну, қолдану сияқты қарапайым икемділіктерді ғана емес, талдау, жинақтау (синтез), бағалау сияқты күрделі икемділіктерді толық қамтуы тиіс. Бұл білімнің кеңдігі пен тереңдігін қамтамасыз етеді, әрі білімді бағалаудағы атүстілік пен сыңаржақтылықтан сақтайды. Бақылау, әр пән бойынша, кем дегенде төрт-бес сала бойынша жүргізілуі тиіс.

3. Мектептерде суреттер мен шығармалардың, құрастыру тапсырмалары мен бұйымдардың көрмесі әр түрлі пәндер бойынша ата-аналар мен жұртшылықты барынша көбірек қатыстыра отырып, әр тоқсан сайын өткізілуі тиіс. Шығарма тек тіл сабақтарынан, сурет тек бейнелеуден, бұйым тек еңбекке баулудан ғана емес, басқа да негізгі пәндер бойынша өткізілуі тиіс. Ал ең сапалы, маңызды туындылар аудан не облыс көлемінде сәйкесті басылым беттерінде жарық көріп отырса құба-құп.

4. Мектепішілік бақылау нәтижелері оқушылардың қатысуымен жария түрде арнайы кестеге түсіріле отырып, ашық жүргізілуі тиіс. Рейтинг қорытындылары залға ілініп, жалпы оқушыларға таныстырылып, нәтижелері әдістемелік және педагогикалық кеңестерде терең талқыланып отырғаны жөн. Аудан бойынша мектептердің бақылау кестелері алынып, кездейсоқ сынақ арқылы өзіндік коэффициенті анықталып, сол санға сәйкес алынған бақылау кестелері қайта реттелуі керек. Себебі, мектептердің бағалауында айырмашылықтар болуы мүмкін.

5. Әр саланың қиындық деңгейі мен тапсырмалар саны әр түрлі болғандықтан, бағалау нормативтері де, сандық көрсеткіштері де түрліше болады. Сондықтан әр сала бойынша әрбір тапсырманың күрделілігі пайыз (%) не ұпай түрінде тиісті деңгейде (аудан не облыс көлемінде) алдын ала белгіленгені тиімді. Бақылау тапсырмаларының бір нұсқасы баспасөз бетінде жарық көрсе тіпті жақсы.

“Нәтижелік рейтинг” жүйесінің негізгі бағыттары

Бақылау салаларының саны төртеуден кем болғаны да, оннан көп болғаны да тиімсіз. Рейтинг құрамына кіретін бағыттарды таңдау әркімнің өз еркі болғанмен де, аудан не облыс бойынша тұрақты бір бағыттарды алдын ала белгілеп алған дұрыс. Атап айтқанда:

1. Логикалық икемділіктерді анықтайтын сынақ жұмыстары.

Атақты педагог Сухомлинский айтқандай “баланы ең алдымен ойлауға, сосын оқуға, тек сонан соң ғана басқасына үйрету керек” дейтін болсақ, баланың жастайынан ақыл-ой икемділіктерін дамытып отыру қажет. Сондықтан ойлау әрекеттерінің де төрт түрлі деңгейін (оқушылық, алгоритмдік, эвристикалық, шығармашылық) анықтауға бағытталған логикалық тапсырмалар жинағын тоқсан сайын алып отыру керек.

2. Оқу-жазу, есептеу дағдыларын айқындау.

Бастауыш сыныптарда ғана емес, ортаңғы сыныптардың өзінде де нормативке сай оқып-жаза алмайтын, есептеу жасай білмейтін балалар аз емес. “Қолындағы құралы нашар ұстаның” шығармашылық қабілеті түгілі, білім-білігінің де ойдағыдай болмаы анық. Сондықтан оы үш дағдының өсу деңгейін, ең болмағанда 1-7 сыныптар аралығында, тоқсан сайын анықтап отыру маңызды. Оқу-жазу, есептеу дағдыларының негізгі бастауы ретінде бесінші сыныптың басындағы көреткіштер алынып, қалған сыныптардағы көрсеткіштер осыдан не төмен қарай, не жоғары қарай бірте-бірте айқындалғаны дұрыс.

3. Жалпы білімді анықтайтын кешенді тест тапсырмалары.

Қазіргі заман талабына сай бала білімін тез әрі нақы анықтауда тестің алар орны ерекше. Тестердің көпшілігі қазіргі кезде төрт-бес жауаптан бірін таңдауға бейімдеп қосымша берген дұрыс. Сонымен қатар, тек анықтау сипатындағы тестермен шектеліп қалмай, себеп-салдарлық байланысты анықтайтын, заңдылықтарды табатын тестерді де көбірек пайдалану қажет. Негізінен, ортаңғы сыныптарды тест төрт жауабы берілген 20 сұрақтан тұрса, жоғарғы сыныптарды бес жауабы берілген 30 сұрақтан тұрғаны дұрыс. Ал бастауыш сыныптарда, тест алынған күннің өзінде де, жауабы үшеуден, ал сұрақ саны 10-15-тен аспағаны жөн. Бұл жерде бір айта кетер нәрсе, кешенді тест тапсырмаларын жеке пәндер ғана емес, жалпылама бағытта сөздік, таңбалық және аралас тест жинақтары түрінде бірінші мен екінші сыныптан басқа барлық сыныптардан тоқсан сайын алып отыру жалпы оқыту мақсаттарына да, жеке пәндерді оқыту міндеттеріне де қайшы келмес еді.

4. Пәндік икемділіктерді анықтайтын бақылау жұмытары.

“Қиын тапсырма бермес бұрын күрделі икеммен қаруландыру керектігін” ескерер болсақ, бұл бағытта пәндік икемділіктердің құрамында ақыл-ой және оқу икемділіктері қатар көрініс тауып жататын кездері аз емес. Өкінішке орай, политехникалық пәндерде бақылау тапсырмалары есептер түрінде беріліп, оқушылардың білім-білігін толығырақ анықтаса, гуманитарлық пәндерде көбіне диктант арқылы тек сауаттылығын тексерумен шектеліп келеді. Сондықтан бұл салаларда бақылау тапсырмалары ретінде сауаттылықпен қатар басқа да ойлау, оқу икемділіктері анықталатындай етіп, төменгі сыныптарда мазмұндама, ал жоғары сыныптарда міндетті шығарма алынғаны жөн.

5. Деңгейлік және олимпиадаға дайындық тапсырмалары.

Бұл тапсырмалар кемі үш-төрт деңгейден тұруы тиіс, ең қарапайымы мемлекеттік стандарттың міндетті деңгейіне негізделіп, екінші деңгейі одан сәл күрделірек болуы тиіс. Ал ең қиыны төменгі сыныптарда шығармашылық тапсырмаларға, ал жоғарғы сыныптарда міндетті түрде олимпиада тапсырмаларына негізделуі тиіс және оқушыларға тапсырмалар жинағының бір нұсқасы алдын ала жыл басында беріліп қойғаны тиімді. Нақтырақ айтар болсақ, әр пән бойынша беске оқитын бала сол пән бойынша ең жоғарғы деңгейдегі тапсырманы өз бетінше орындай алуы тиіс.

6. Шығрамашылық қабілеттерді көрсететін туындылар.

Тек ана тілі мен әдебиет сабақтарында ғана емес, басқа да пәндер бойынша алынатын шығармалар тек еркін тақырыпқа жазылып, түрлі сұрақтар мен есептердің не әңгімелердің жинақтары құрастырылады. Сонымен қатар, оқушылардың жасаған әр түрлі бұйымдары мен салған суреттерінің көрмесі еңбекке баулу мен бейнелеу сабақтары ғана емес, басқа да негізгі пәндер бойынша жылына кем дегенде екі рет өткізілгені дұрыс. Басты назар туындының эстетикалық қана емес, этикалық тұрғыдан да маңызды болуына аударылуы керек.

Қорытынды

“Нәтижелік рейтинг” жүйесін тек оқыту саласына ғана емес, оқушылармен жүргізілетін тәрбие жұмыстарының кез келген салаына да, ұстаздармен жүргізілетін әдістемелік жұмыстарға да тиімді қолдануға болады. Қазіргі жаңаша оқыту технологияларының басты артықшылығы болып есептелетін “санның сапаға, сапаның санға айналуы” бұл жүйеде де толық жүзеге асыруға болатын нәрсе. Бұл мемлекеттік ақпараттандыру бағдарламасының маңызды бір міндетін жүйелі түрде жүзеге асыруға кепілдік береді. Бұл жүйенің тағы бір артықшылығы – оқу-тәрбие қызметін басқарудың бақылау сияқты басты бөлігін негізге ала отырып, басқа бөліктерін де айқын қарастыруға мүмкіндік беретіні. Сол себепті бұл жүйе жаңаша оқыту технологияларының кез келгенімен оңай үйлесе алады және оның қаншалықты тиімділігін тез анықтап береді.

Қорыта айтқанда, ұстаз еңбегін дұрыс бағалау мектеп пен мұғалімге деген жұртшылық пен ата-аналардың көзқарасын өзгертіп қана қоймай, оның қоғамдағы орнын да айқандап береді. Сонымен қатар рейтинг жүйесін нақты нәтиже бойынша жүргізу атүсті аттестация мен жүйесіз тексерулерден мұғалімді құтқарары даусыз. Бұл әрі ұстаздар ұжымын өз еңбегі ғана емес, жанындағылардың да еңбегін дұрыс бағалауына септігін тигізер еді. Осы жүйе арқылы ұстаздар жеке өзінің көрсеткішін ғана емес, ұжымдағы өз орнын біліп, оны көтеріге тырысса, ұстаздар ұжымы аудан деңгейіндегі мектептің орнын біліп, оны көтеру бағытында жұмыла жұмыс жасар еді, аудан мектептерінің облыс көлеміндегі үлесін анықтау да оңайлар еді. Бұл кейбір білім-білігі төмен мұғалімдерге әкімшілік тарапынан ғана емес, ұжымның әр мүшесі тарапынан да ықпал күшейеді деген сөз. 

Категория: Мои статьи | Добавил: erkin (23.05.2008) | Автор: Еркин Дуйсенбаев
Просмотров: 4139 | Комментарии: 4 | Рейтинг: 5.0/3 |
Всего комментариев: 4
4  
ЕЛДІҢ ЕҢ БІРІНШІ КЕРЕКІ БАЛАЛАРДЫҢ БІЛІМІН АРТЫРУ,соған орай елде білімді жақсы қолға алу қажет

3  
сілтемесіз күніміз қараң
аттап басқанымыз қауіпті
ертең сау басымыз саудаға түседі

1  
Аға, көп сөздің қажеті не ? Белшілі бір мысал, үлгіні практикада көрсетіп ұсынған дұрыс.
Қазіргі мұғалімдердің теориядан сауаты бар, болмаса іздеп тауып алады. үлгі қажет!
Болашақ мұғалім

2  
Қарындасым, тамыры жоқ өсімдік күні ертең қаңбаққа айналатынын ұмытпа. Ал теорияны білген мұғалім практикалық жобаны өзі жасап ала алады. Өкінішке орай, қазіргі мұғалімнің көбісінің теориясы аздау боп жатыр. Үлгімен жүретін заман өтіп кеткенін білгенің дұрыс.

Добавлять комментарии могут только зарегистрированные пользователи.
[ Регистрация | Вход ]
Приветствую Вас Гость

Поиск
Друзья сайта
Статистика

Онлайн всего: 1
Гостей: 1
Пользователей: 0

Copyright MyCorp © 2016
Сделать бесплатный сайт с uCoz