Түс көрмейтін адам жоқ (интернеттен) - Мои файлы - Каталог файлов - Дуйсенбаев Еркин САЙТЫ

Дуйсенбаев Еркин САЙТЫ

Меню сайта
Категории каталога
Мои файлы [124]
Наш опрос
Сайтымды калай багалайсыз?
Барлық жауап: 3907
Главная » Файлы » Мои файлы

Түс көрмейтін адам жоқ (интернеттен)
[ ] 07.03.2010, 09:02

ТҮС КӨРМЕЙТІН АДАМ ЖОҚ...

Түс көрмейтін адам жоқ шығар. Кейбір түстер ұмытылады, ал кейбірі миымызда жатталып қалады. Түстің өзі әр түрлі болатыны белгілі. Түс көру себептерін осы уақытқа дейін ғалымдар зерттеді, бірақ бұл ғажайып құбылыстың қалай туындайтынына, не себептен болатынына толық жауап бере алған жоқ. Ғалымдардың зерттеуі бойынша 8 сағат ұйқының шамамен 90 минутында, яғни 20 пайызында түс көреді екенсіз.

Ұйықтап жатқан адамның денесінен кішкентай бұлт тәріздес немесе көбелек сияқты көзге көрінбейтін мөлдір қабаты ұшып шығып "саяхатқа" шығады дейді. Түсте көрген небір таңғажайып хикаялар мида сақталып қалады. Адам оянған соң сол көрген түсін ертегі тәріздес бір-біріне айтып беріп жатады. Кейбір түстер адамға оның ауыратыны, өлімі, бай немесе кедей болатыны, нәрестелі болатыны т.б. жайлы хабар беріп тұрады.

Мысалы шикі ет көрсең ауырып қалады, аспанда ұшып жүрсе, мәртебесі жоғарылайды деп жориды. Қайтыс болған адам бір нәрсе берсең жақсыға балайды. Түсті әрқашанда жақсылыққа жорыған дұрыс.

— Сапар екеуміз Хабаровск өлкесінде әскери борышымызды өтедік, - деп бастады әңгімесін Бақытжан. — Екі қазақ, бір өзбек жігіті қолымыз босай қалған кезде отыра қалып, әр түрлі тақырыпта әңгіме айтатынбыз. Бір күні Сапар: "Мен түс көрдім, түсімде ұшақпен бір жаққа ұшып бара жатырмын, үй-іші аман болса екен", — деді. Өзбек жігіті Рахматулла: "Қайдағы ұшақ, армандамай-ақ қой, келгеніңе жарты-ақ жыл болды", - деп күлді. Сапар тұрып: "Сендер, мүмкін, маған сенбейтін шығарсыңдар, менің түсім айнымай келеді, жүрегім бір нәрсені сезіп тұр", -деді. Үш күн өткен соң Сапарға жеделхат келді. Әкесі қайтыс болған екен. Біз көңіл айтып, жұбатып жатырмыз. Сол күні кешке Сапар Хабаровск қаласынан ұшақпен Оралға ұшып кетті. Жердің түбі емес пе, өкінішке қарай, Сапар әкесінің жерлеуіне үлгермей қалады. Әкесі небәрі 42-ақ жаста болатын. Денсаулығы жақсы, ешқашан ауырып көрген емес. Аяқ асты қайтыс болған екен.

Әкесінің жетісін берген соң Сапар қайтып келді. Әке өлімі Сапарға ауыр тигені көрініп тұрды. Әбден жүдеп, ұнжырғасы түсіп кеткен. Біраз уақытқа дейін үндемей жүрді. Бірте-бірте өз-өзіне келе бастады. Бұрынғыдай отыра қалып әңгіме айтуды қайтадан бастадық. Біз "әкең неден қайтыс болыпты" деп сұрағымыз келіп оқтала бергенде, ол әңгімені өзі бастады. Ол былай болған екен. Сапардың әкесі Тілектес совхозда жүргізуші болып жұмыс істесе керек. Совхоздың астығын қырманға тасып жүрген кезінде жолда көлігі сынып қалады.

Астық жиналып, қарбалас болып жатқан шақ. Тездетіп көлігін жөндеп бола салысымен енді кабинаға отыра бергенде, шу-шу еткен бір дауыстар шығады. Иен далада бұл неткен шу деп қараса, үлкен көшті көреді. Түйеге жүк артқан, атты, арбалы адамдар. Баяғы заманның адамдарынша киінген. Қыздарының шашы ұзын, шаштарындағы шолпылары сыңғыр-сыңғыр етеді. Сапардың әкесінде олардың ісі жоқ. Бір кезде бір әдеміше келген қыз Тілектес ағайдың қасына келіп, "жүр" дегендей белгі береді. Ол кісінің бойында сондай бір ерекше сезім пайда болып, қыздың артынан ілеседі.

Бір мезетте селк етіп, қолы қыздың қолына тиіп кетеді де, сол сәтте есін жиып алады. Қайта оралып, машинасын жөндеп, үйіне келеді. Келе сала болған жайды анасы Зылиха апаға баяндағанында Зылиха апа: "Қап, баламай сен перілердің көшкенін көрген екенсің, еріп кетпегенің дұрыс болды, дұға оқып жіберуің керек еді, бірақ сен дұға білмейсің ғой", — депті қапаланып. "Ой, апа, сіз де қай-қайдағыны айтады екенсіз, мүмкін ол жерде кино түсіріп жатқан шығар", - дейді Тілектес әзілдеп.

Бірақ осы оқиғадан кейін әкесі біртүрлі ауыр күрсінетінді шығарыпты. Жүрек тұсын ұстап, көп отырып ойланатын болған. Шешесі қолынан келген ырымдарды жасап бағады. Бір аптадан соң Тілектес тура сол "көш өткен" жерден өтіп бара жатқанда көлігі тағы да сынады. Әрі шұқылап, бері шұқылап, машинасын оңдай алмаған болу керек, машинаның кабинасында отырған күйі қайтыс болып кеткен. Дәрігерлер "жүрегі ауырған - инфаркт" деген тоқтамға келеді.

Зылиха апа: "Сол перінің қызы оны соңына ертіп кеткісі келген, бірақ Тілектес рульді нық ұстап, қасарысып отырып алған болуы керек. Қолдары рульді ұстаған күйі қатып қалған екен. Бетінде үрей, қорқыныш сақталған. Құлыным перілерге тағы да жолығып, ақыры тура келген ажалдан құтыла алмаған ғой", — деп зар еңірейді. Сапар сенерін де, сенбесін де білмей қиналып жүрді. Сапардың түсінің дәп келгеніне көзіміз жетті деп аяқтады әңгімесін Бақытжан.

Ал мына бір оқиға Павлодар қаласында тұратын кәсіпкер Берік К. деген азаматтың жанұясында болған. Берікті күнде тек бір түс қана мазалайды. Ол түсінде бір кейуананың кейпін көреді. Кейуананың қасында Беріктің жалғыз ұлы Қайрат жүреді. Берік бұл түстерге аса мән бермеді. Бір күні нағашы ағасының мерейтойына барған кезде альбомның арасынан түсінде көрген әйелдің суретін тани кетіп: "Бұл кім?" - деп сұрағанда, нағашысы Беріктің нағашы әжесі екенін айтады.  Берік аң-таң болып: "Мен осы кісіні жиі түсімде көремін, қасында менің ұлым жүреді", — дейді. Нағашы әжесі Берікті кішкентай кезінде көрген екен. Нағашы ағасы Берікке: "Әжеңе арнап құран бағышта", - деп ақыл айтады. Берік "әне, міне" деп жүріп, ұмытып кетеді. Бір күні оның түсіне тағы да әжесі кіреді. Жұмыстастары Берікке: "Нағашы әжеңнің бейітіне бар, құран бағышта", — деп кеңес береді. Әжесі Ресейде Омбы облысында жерленген екен. Сол жерде Берік көптен бері араласпай кеткен туыстарын табады.

Әжесінің бейітіне барып, құран бағыштайды. Берік Омбы қаласынан келе жатқан кезде ұялы телефонына әйелі Клара "тезірек қайт" деген хабар жібереді. Келген бойда әйелі мен баласының автомобиль апатына ұшырағанын біледі. Әйелі де, 7 жасар баласы Қайрат та дін аман. Сөйтсе әйелі Клара рульде өзі болған, ұлы Қайрат машинаның артқы орындығында отырған. Қатты жылдамдықпен келе жатқан машина 5-6 рет аударылып, қайтадан орнына тұра қалған екен. МАИ қызметкерлері: "Мынадай апаттан аман қалу екіталай", — деп бастарын шайқады. Машина жапырылып қалған. Бір таңқаларлығы бұл апат Берік құран бағыштап жатқан уақытта болған екен. Кім білсін егер Берік зират басында құран бағыштамағанда әжесін еске алмағанда оның жанұясы аман қалар ма еді? Осы оқиғадан кейін Берік қайтыс болған туыстарын еске алып, құран оқытып, жұма сайын мешітке баратын болды. Кейбір тұстер адамды алдында не күтіп тұрғанын білдіреді.

Алматылық Мәрзия үнемі түсінде теңіз жағасында жүргенін көреді, теңізден үлкен толқын жағаға қарай беттеген кезде, жағадағы адамдармен бірге қашады. Аяқ астынан Мәрзияның күйеуі Атырау қаласына жұмысқа ауыстырылады. Өмірінде теңіз көрмеген Мәрзия енді, міне көк толқынды Каспий жағалауында демалып отыр. Бір күні суға шомылып жатқан кезде қатты толқын Мәрзияны теңіз ортасына қарай әкете бастайды.

Жан тәнімен Мәрзия жағаға ұмтылады, бірақ толқын оны теңізге қарай сүйрейді. Осылай бірнеше рет қайталанады. Әрең дегенде бар күшін жинап жағаға жүзіп келеді. Ал Мәрзияның түсі оны осындай қауіп болады деп ескерткен болып тұр ғой. Бұл түс Мәрзияны психологиялық дайындықтан өткізген тәрізді. Егер, Мәрзия сол сәтте сасқалақтап, не істерін білмей қалса, суға батып кетуі мүмкін еді.

Иә, түс шынымен де таңғажайып құбылыс. Ұйықтап жатқан адам ешбір алаңсыз жатады. Адам үйықтаған кезде денесі босап, миы тынығады. Ал қатты шаршаған адам шым-шытырық, ешбір мағынасы жоқ түс көреді. Ғалымдар түстің өзін 12 негізгі сюжетке бөлген. Ең біріншісі - адамның биіктен құлауы, бірнәрседен қашуы. Мамандардың айтуы бойынша мұндай түстер адамды алда күтіп тұрған қауіп туралы ескертеді.

Келесі бір сюжет - ол адамның қалықтап ұшуы, биік тауға шығуы - ол мәртебесінің өсуі. Әрине, кейбір түстер өңімізде орындалып жатады. Мысалы, атақты ғалым Менделеев те химиялық кестені түсінде көрген. Техникалық ғылымның дамуына байланысты адамның түс көруі де өзгерген сияқты. Мысалы, түсімізге компьютер, телефон, теледидар басқа да техника түрлерін көреміз. Яғни, заман ағымына сай түс көретін болғанымыз ғой.

«Ана тілі» газеті, №37 (822), 20.09.2006 ж.

Авторы: Мақсат РСАЛИН, Халықаралық жазушылар және публицистер қауымдастығының мүшесі.

Категория: Мои файлы | Добавил: erkin_64
Просмотров: 3627 | Загрузок: 0 | Рейтинг: 3.5/2 |
Всего комментариев: 0
Добавлять комментарии могут только зарегистрированные пользователи.
[ Регистрация | Вход ]
Приветствую Вас Гость

Поиск
Друзья сайта
Статистика

Онлайн всего: 1
Гостей: 1
Пользователей: 0

Copyright MyCorp © 2016
Сделать бесплатный сайт с uCoz