Ұлыстың ұлы күні - Наурыз (интернеттен) - Мои файлы - Каталог файлов - Дуйсенбаев Еркин САЙТЫ

Дуйсенбаев Еркин САЙТЫ

Меню сайта
Категории каталога
Мои файлы [124]
Наш опрос
Сайтымды калай багалайсыз?
Барлық жауап: 3907
Главная » Файлы » Мои файлы

Ұлыстың ұлы күні - Наурыз (интернеттен)
[ ] 21.03.2010, 06:50

ҰЛЫСТЫҢ ҰЛЫ КҮНІ – НАУРЫЗ

Қазақстанда ресми түрде Наурыз 1988 жылдан бері тойланып келеді. Бұл мерекені Шығыс елдері Өзбекстан, Қырғызстан, Ауғанстан, Тәжікстан, Пәкстан ерте кезден өткізеді. Бұл мереке табиғат пен адамның үндестігін көрсетеді. Наурыз күн мен түннің теңелген күні. Көктемгі күн тоғысы наурыз айының 21-нен 22-не ауысқан түні болды. Осы уақыттан бастап күн ұзарып, түн қысқарады.

Наурыз - жыл басы. Парсы тілінде "нау" - "жаңа", "руз" - "күн" деген ұғымдарды білдіреді. Халық наурыз мерекесіне алдын - ала дайындалады. Дәстүр бойынша үйге қос шырақ жағылады, ыдыстар ернеуіне дейін айранмен, сүтпен немесе бұлақ суымен толтырылады. Бұл - тоқшылықтың белгісі. Табиғатпен байланыс күн Анаға деген тағзымнан көрінеді. Бұл күні бұлақтар тазартылып, ағаштар отырғызылған. "Бұлақ көрсең, көзін аш!", "Бір тал ексең, он тал ек!", деген сөз осыдан шыққан болу керек. Наурыз - достық, еңбек, бейбітшілік мерекесі. Ұлыстың ұлы күні адамдар бір-біріне деген ренішін ұмытып өзіне де, өзгеге де жақсылық тілеген. Дастарқанның басты асы наурызкөже болған. Наурызкөже жеті түрлі тағамнан жасалған. "Наурыз көжені тойып ішу керек, сонда жыл бойы тоқшылық болады!" деген сенім бар. Дастарқан басында жастар үлкендердің батасын алған. Бата - үлкендердің өзінен жасы кішілерге беретін ықыласты тілегі. Ақсақалдар: "Ұлыс оң болсын! Ақ мол болсын, қайда барса жол болсын!" - деп бата береді.

Дәстүр бойынша Наурыз айтыс өткізіледі. Бұл жақсылық пен жамандықтың, суық пен жылының, жаз бен қыстың айтысы.

Мереке қызған кезде жастар алтыбақан жанында ұлттық ойындар ойнайды. "Көкпар", "Бәйге", "Қыз қуу", "Жамбы ату" ойындары аса бір қуанышпен өтетін. Көңілді өткен Наурыз күні әр адамның есінде көпке дейін сақталатын. Біздің 79 гимназияда Наурыз мерекесін қарсы алу дәстүрге айналған. Мерекеге арналған қабырға газеттерінде "наурыз" тарихы жазылып, өлең-жырлардан үзінді беріледі. Сахнада наурыз мерекесіне арналып көріністер қойылады. Гимназияда "Ұлыстың Ұлы күніне" арналған мереке ерекше қуанышты өтеді. Жүректер жылыуын таратқан көктемнің бақыт сыйы Наурыз көп ұлтты еліміздің бірлесе тойлайтын - Достық мерекесі.

22 наурыз - Ұлыстың ұлы күнi. Бұл күнi күн мен түн теңеледi. Табиғат та, Жер-Ана да, жан-жануар да түлейдi, жаңарады. Адамзаттың бойында қан жүгiрiп, тал-теректер бүршiк жарады. Қазақтың сайын даласын Қызыр баба кезiп, адам баласына құт-береке, бақ-дәулет сыйлайды. Самарқанның көк тасы ерiп, қасиеттi қара жер, қара топырақ бусанады. Ұлы даланың төсiнде қызғалдақтар құлпыра өсiп, бел-белестерге қызылды-жасылды кiлем төселедi. Ұлан-байтақ Қазақстанның халқы жетi түрлi дәмнен наурыз көже жасап, ұлттық салт-дәстүр, әдет-ғұрыптарды сақтап, ай бойы Ұлыстың Ұлы күнiн тойлайды. Бүкiл Шығыс халқына ортақ бұл мейрамда араздасқандар татуласып, дүйiм халық, мұқым ел ауызбiршiлiкте болады.

Ынтымағы жарасқан көп ұлтты елiмiздiң осы бiрлiгiн Құдай ұзағынан сүйiндiргей! Әрбiр шаңыраққа Қыдыр дарып, бақ қонсын! Мұсылман қауымына Исламның 7 байлығын тiлеймiз. Ұлыстың Ұлы күнi құтты болсын, ағайын!

Ұлыстың ұлы мерекесiн тойлауға халқымыз биыл 13-рет дайындалып жатыр. «Ұлт жоқ. Ұйысқан Одақ қана бар» деген Кеңестiк дәуiрдiң солақай саясаты 1926 жылдан 70 жылдай ұлт мерекесiн терең зындан түбiнде бұғаулап ұстағанын бiлемiз. Одан кейiнгi ашаршылық жылдары, Ұлы Отан соғысы, ұлт зиялылары мен ұлт құндылықтарына қарсы дүркiн-дүркiн шабуылдар халқымыздың салт-дәстүрлерi мен әдет-ғұрпының үкiсiн қисайтуға тырысып бақты. Тiптi, ашаршылық жағадан алған тұста жарапазан - жас балалардың нан сұрап жеу тәсiлiне айналғаны шындық. Елiмiздiң солтүстiк бөлiгiнде көрiсу ғұрпы санадан өшкен. Ал 31 желтоқсан түнi Жаңа жылды табалдырықтан аттатқан кейбiреу төл мейрамды мойындамайды да. Мұның бәрiн бүгiнгi жастың кемшiлiгi деу жөн бола қоймас. «Бала жасындағысын ұмытпайды». Көнекөз қариялар - салт-дәстүр сабақтастығының соңғы буыны. Ал 70 жыл идеология құрбаны болған мерекенiң көптеген ырым-жоралғылары кейiнгiлерге таныс емес.

Наурыз - кей бiлгiштердiң жаңалық ашып, онысымен жұртты адастырып жүргенiндей, дiни мереке емес. Бұл бағзы заманнан қалыптасқан бүкiлхалықтық Жаңа жыл. Оны Иран, Ауғанстан, Үндiстан, Кавказ және Орта Азия халықтары төл мерекесi ретiнде тойлайды. Алайда, «Әр елдiң салты басқа, итi қара қасқа» демекшi, дәстүр өзгешелiгi де орын алған.
Халқымыз жаңа жылға ертеден дайындалатын. Қысқы соғымның әбден сүрленген қадiрлi мүшелерiн осы күнi қазанға саламын деп сақтаған.

Жас келiндер, бойжеткендер болса, кесте, орамал тiгiп, бозбалалар жағы ағаштан тұрмыс бұйымдарын жасап, темiрден сәндiк бұйымдарын соққан. Мұның бәрi - күн мен түн теңесетiн шақта кәдеге асатын «ұйқыашар», «селт еткiзер» жоралғыларының сый-тартулары. Көктемгi «өлiара» өтiсiмен, ата-бабамыз үй айналасын тазартып, қалың қар тiгiсi сөгiлген жайылымға мал шығарған. «Жаңа жыл мұнтаздай таза үйге кiрсе, ол үй ауру-сырқаудан, пәле-жаладан аман болады» деген сенiм бойынша, үй-iшiн де қағып-сiлкiп, отпен аластайды.

Көне деректер көзiне сүйенсек, наурыз тоғыз күн тойланады екен. Ол той «Наурызнама» деп аталады. Әдетте, наурызнаманы бай, ауқатты кiсiлер жасаған. Бiрақ әр шаңырақ өзiнше наурыз көже пiсiрiп, ақ толы аяғын босағадан аттағанның бәрiне ұсынған. Ауыл ақсақалдары үй-үйден дәм татып, үйдегiлерге ыдыспен сыбаға тасып жүрген. Ол сыбаға iшiлместен бұрын қазанға құйылады. Бұл «Дәм-тұзымыз араласқан тату болайық» дегеннiң белгiсi.

Ұлыс келер түнi Қызыр бабаға арналып әр үйдiң төрiнде қос шырақ жағылатын болған. Үй иелерi бар ыдысты аққа, суға, «ырыс толсын» деп дәнге, «жауын-шашын көп болсын» деп бұлақ суына толтырады. Жылдың алғашқы күнiнде қар жауса «ақша қар», жаңбыр жауса «нұр жауды» деп шаттанған. Ертеректе ауыл адамдарын ұйқысынан тұрғызу үшiн қолданылған мынадай қызық дәстүр болған. Жастар асау тайыншаны құрықтап, оған ерттелген ашамайға зор қуыршақты таңып байлап, ауыл iшiне бос жiбередi. Мөңкiп тулаған асау ауылды азан-қазан етсе де, ешкiм бұған өкпелемеген. Күлiмдеп көрiнген күнге сәлем берiп, шаруаға кiрiседi. Наурыз күнi көзi ашылған бұлақтың суы сарқылмайды, ал егiлген талдың саясы мен жемiсi мол болады деп сенген. Жаңа сап түзеген шыбықтарға ақ шашу да жақсы ырым.

Ұлыс - жақсы тiлектер күнi. Араздасқандар төс қағысып, татуласады. Бұл күнгi қайын ата мен келiн, күйеу бала мен қайын ата арасындағы әзiл де жарасымды. Жастар алтыбақан құрып, тойдың сәнiн кiргiзедi. Бойжеткендер соғымның соңғы етiн уызға салып пiсiрiп, ұнатқан жiгiттерiне тартады. Бұл салт қазақта «ұйқыашар» аталады. Ұйқыашардың қарымтасына жiгiттер «селт еткiзер» рәсiмiн жасайды. Яғни қалауынша айна, тарақ, әтiр суын сыйлайды. Айна - пәктiктiң, жастықтың, тарақ - әдемiлiк пен сұлулықтың, ал иiссу - жаңа бүршiгiн жарған жауқазындай құлпыр деген белгi.

Наруыз күнi думан-тойды аталарымыз наурызнама атаған. Ұйытқысы, әрине, - жастар. Содан болар, ән мен би, ойын-сауық түннiң бiр уағына дейiн созылған. Халқымызда «Ақ боран», «Қалтырауық қамыр кемпiр» ойындары бар. Онымен қатар бұл күнi наурыз жыр, наурыз жұмбақ, наурыз айтыс, түрлi әзiл-қалжың, мадақтау өлеңдерi айтылады.

Сең жүредi көктемде астан-кестең,

Ақ атанның бауырын арқан кескен.

Ұлы күнi ұлыстың бас қосқанда

Өлеңiңдi айт, құрбыжан қатар өскен,

- деп, қос-қостан жұптасып, айтысқа түседi.

Ұлыс күнi татулық тойы, шаруа, ынтымақ, сенiм, көңiл мерекесi. Қыс қылышынан аман қалған жұрт, бар ренiш-өкпесiн ұмытып, кiнәсiн кешiп, тек жақсы тiлектер тiлейдi. Көңiлдiң жаңаруы деген осы. Бұл күнi наурыз көжемен қатар, ауыл адамдары өгiз сойып, қазан көтеретiн болған. Мұның тарихы өз алдына қызық аңыз. Ежелгi жыл санаушылардың есебiнше, үркер күздiң басында шығыстан, қыстың басында төбеден, көктем кезiнде аспан етегiнен көрiнiп, ал жазда тiптi батып кетедi екен. Бұл шақ қырық күнге созылып, оны халқымыз «қырық күн шiлде» немесе «үркердiң жерге түсуi» деп атаған. Көктем кезiнде, яғни наурызда күн жолы үркердiң үстiмен өтiп, үркердiң қос жұлдызы бұқаның мүйiздерi құсап күн жолының екi жағынан қылтиып көрiнедi. Бұған орай халқымыздың «әлемдi көк өгiз мүйiзiмен көтерiп тұр» деген нанымы да бар.

Өгiз етiн арнайы нарқазанда балбыратып пiсiредi. Нарқазанның тарихы да жақсы ырымдармен астасып жатыр. Ежелгi сақ дәуiрiнде халық арасын алауыздық жайлап, ел татулығын тұман басқанда көсемдер келiсiп, үлкен қазан құюға шешiм шығарады. Алайда, қазан соғарлық мыс табылмай қалады да, бүкiл сарбаз жебелерiнiң мыс масағын жинатып, содан нарқазан құйдырады. Осы қазанда қайнатылған астан дәм алысқан араздасушылар өкпе-назын ұмытып, елде татулық орнапты делiнедi аңыздарда. Осындай тай, нарқазандарда қалың қауымға дәм татқызу кейiн үрдiске айналып, ол «шүлен тарту» аталып кеткен. Өгiздiң шекесi ауыл ақсақалдарына тартылады. Бұл сыбағаның аты - «бел көтерер». Ертедегi дәстүр бойынша наурызнама тоғыз күн тойланатын болса, соның сегiзiншi күнi «той тарқар» болады. Мұнда бұған дейiн өнерiн ортаға салып, оза шапқан дарабоздарға, қарсыласының жауырынын жерге тигiзген балуандарға, тiптi тайы озып келген жас балаға да «ат терi» деп сыйлық берген.

«Той тарқарда» жаңа көзi ашылған қайнардың суына қант қосып, оны қауым болып iшiседi. Көзi қарақтылар «салдама» аталатын кiтапты оқытып, ақсақалдар бата бередi.

Айта берсең, наурыздың жөн-жоралғылары өте көп. Қазақстанның төрт түкпiрi түрлiше тойлайды. Бiрақ, қалай болғанда да, жақсылықтың аты - жақсылық, тойдың аты - той.

Наурыз көже қалай жасалады?

Наурыз мерекесі жақындаған сайын әрбір отбасы Наурыз көже жасауды міндетім деп санайды. Тіпті білмейтін жас жеңгелеріміз үлкен адамдардан ақыл-кеңес сұрап, Наурыз көжеге не қосу керектігін саралап жатады. Осы тұрғыда біз де үлкен әжелеріміздің біразынан Наурыз көжені қалай жасау керектігін сұрап білдік. Ол үшін ең алдымен қазан толы сүтіңізді қайнатып, сүт піскеннен кейін оның бетіндегі қаймағын қалқып алып тастайсыз. Сүт әбден пісуге тақаған кезде, қыс бойы сақтаған сүріңізді салып жіберіп, 15 минуттай бетін жауып қоясыз. Аталған уақыт өткеннен кейін жеке ыдысқа пісіріп алған бидай, жүгері, тары, асбұршақ, күріш тәрізді қоректік заттардың жеті түрін сүт пен етке араластырып тағы бір қайнатып аласыз. Егер Наурыз көже қоймалжың болып кетсе, оған су қосуға болмайды. Тек айран қосып сұйылтасыз.

Шығыс халықтары үшін жыл қайыру, яғни күнтізбе жасау наурыздан бастау алады. Осыбір күнге үміт артып, «Наурыздың берер несібесі мол» дейтін ырымды берік ұстанған қазақ халқы егемен ел болғалы бұл мерекенің өзіндік салмағын сезіне бастаған сыңайлы. Дәстүрімізді дәріптеп, асыл мұраларымыздың бедерін айшықтауда орны ерекше бұл мерекені қазақ халқы «жақсылықтың бас­тауы» деп ұғады. Айтулы мереке Ұлыстың ұлы күні қарсаңында біз де «Айқынның» мейрамханасының бас аспаздарымен тілдесіп, ой бөліскен едік.

Қазақ халқы Наурыз мерекесін атам заманнан бері Жаңа жыл басы ретінде тойлап келген. Кеңес өкіме­ті уақытында Мәскеу бізге және де басқа Орталық Азияны мекендейтін түркі халықтарына Наурызды ислам мейрамы деп жалған айтып, ресми түрде оны тойлауға тыйым салып келді. Бірақ халық өз дәстүрін ұмытқан жоқ, сақ­тап қалды. Ақыры, көпшіліктің тала­бы мен ұлт намысын қорғай­тын азаматтардың іс-әрекеттерінің арқасында ол қайтадан қалпына келді. Сөйтіп, тәуелсіздік тұсында Қазақстан Үкіметі Наурызды ресми түрде мереке деп қайта жариялады.

Ал бүгінгі әңгіме Наурыз мере­кесі күні тура белгіленбегендігі туралы болмақ. Олай дейтініміз, Үкімет "Наурыз мерекесін” наурыз айының 22-сі күні деп жариялады және "достық, татулық мейрамы” деп мағынасын өзгертіп жіберді. Елуден астам Орталық Азия, Таяу Шығыс, түркі, парсы нәсілді ұлыс­тар Наурыз мерекесін тойлауды 21-і күні бастайды, жалғыз біз ғана бір күн кешігіп, 22 наурызда атап өтіп жүрміз. Иә, өзбек, қырғыз, түркімен, қарақалпақ, әзірбайжан, тәжік бауырларымыз тойлап бол­ған­да біз той қамына енді кірісіп жа­та­мыз. Мұның бәрі кезінде үкі­метке дұрыс ақпар бермеген адам­дардың білімсіздігінен болып отыр.

Наурыз (Ноу – жаңа, руз – күн) деген сөз бізге парсы тілінен енген. Орта Азия халықтары оны мыңдаған жылдар бойы Жаңа жыл басы ретінде тойлап келді. Кейіннен Ислам діні халықтардың бұрыннан келе жатқан әдет-ғұрпын сыйлап, Наурызды мейрам ретінде қабылдады.

Тарихқа үңілсек, әлемдегі әр халық Жаңа жылдың басын әр уа­қытта атап өткен. Ежелгі халықтар негізінен Жаңа жылды табиғат жаңаруымен, яғни жер ұйқыдан оянғаннан кейін, көктем келуіне байланысты атаған. Бұл наурыз айына тура келіп отырған. Көне яхудилердің таным-түсінігінде де Жаңа жыл "авив” айы, яғни наурыз айының соңы, сәуірдің басы болатын. Айта берсеңіз, Еуропаны басқарып отырған Рим империя­сын­да да жаңа жыл басы наурыз болатын. Тек, Иусус Христос туға­нынан бастап есептегенде 45 жылы Рим императоры Юлий Цезарь жыл басын табиғат ерекшелігін, күн мен түннің теңелуін ескермей, оған діни мағына берді. Сөйтіп, Христостың туған күніне жақындатып жыл басын 1 қаңтарға көшірді.

Содан бері христиан мемлекет­тері Жаңа жылды 1қаңтардан бастайды. Америка континентін­дегі мемлекеттерде де осылай. Ресейде де Жаңа жыл­ды 1 қаңтардан бастап есептейді. Мұны 1699 ж. орыс патшасы Петр І Голландиядан үйреніп, Ресейде жыл санаудың басын Христос туылғанынан, яғни 1 қаңтардан басталсын деген бұйрықпен кіргіз­ген. Одан бұрын Ресейде Жаңа жылды Орта Азия, Шығыс елдері сияқты табиғаттың жаңарған, қыс маусымының көктемге ауысқан мезгілінде, яғни наурыз айында атап өтетін.

Орта Азия халықтары, көне Персия ғалымдары күн мен түннің теңелетін уақытын, күнін, сағатына, минутына дейін тура астрономия­лық дәлдікпен есептеп шығарған. Күн мен түннің теңесуі тура 21 мартқа сәйкес келеді. Бұл туралы қолымызда Алматыдағы Астрофи­зика институтынан алынған анық­тама бар. Сондықтан да, Орталық Азия, Таяу Шығыс мемлекеттерінің Жыл басын 21 март деп белгілегені дұрыс. Мәселен, көрші Өзбекстан­да, Қырғызстанда 21 наурыз халық мерекесі деп жарияланған. Түркі­менстан президенті С. Түркімен­башының 2002 жылғы жарлығына сәйкес Наурыз 21-інде басталып, мереке үш күнге созылса, Тәжік­станның Президенті Э. Рахмонов Наурыз мерекесін екі күн деп белгілеген, яғни ол 21-22 наурыз аралығы.

Мұндай мереке белгілеудегі қателікті бірнеше рет біз тиісті орындарға хабарлағанбыз. Бұқ­аралық ақпарат құралдары арқылы да айтылды. Өкінішке қарай, осы уақытқа дейін жоғары лауазымды шенеуніктер бұл сөзге құлақ аспай отыр. Дегенмен, "ештен – кеш жақсы” деген ғой. Әлі де болса бұл қателікті түзеп, Наурыз мере­кесін басқа елдер сияқты 21 наурыз күні тойлап жатсақ, кәне.

Категория: Мои файлы | Добавил: erkin_64
Просмотров: 6746 | Загрузок: 0 | Комментарии: 1 | Рейтинг: 4.2/8 |
Всего комментариев: 0
Добавлять комментарии могут только зарегистрированные пользователи.
[ Регистрация | Вход ]
Приветствую Вас Гость

Поиск
Друзья сайта
Статистика

Онлайн всего: 2
Гостей: 2
Пользователей: 0

Copyright MyCorp © 2016
Сделать бесплатный сайт с uCoz