«Еске түсіру» ғаламаты - Мои файлы - Каталог файлов - Дуйсенбаев Еркин САЙТЫ

Дуйсенбаев Еркин САЙТЫ

Меню сайта
Категории каталога
Мои файлы [124]
Наш опрос
Сайтымды калай багалайсыз?
Барлық жауап: 3907
Главная » Файлы » Мои файлы

«Еске түсіру» ғаламаты
[ ] 07.03.2010, 07:56

«ЕСКЕ ТҮСІРУ» ҒАЛАМАТЫ

Адам белгілі бір нәрсені ойлай отырып, не ойлап отырғанын білмеуі мүмкін бе? Мүмкін. Ол — ол ма, санада қорытылып, екшелмеген, басқаша сөзбен айтқанда, мидың аңдаусыз, пайымсыз қызметі біздің өмірімізде кейде аса елеулі роль атқарады. Оның үстіне, мидың аңдаусыз жұмысы деген сөздерді айқындап алу қажет.

Біздің басымыздағы ой процестері екі дәрежеде болуы мүмкін және сол дәрежелерде болып та жатады. Бірінші дәреже — пайымды ой. Мұның сипаты мынада екені белгілі: белгілі бір жайды ойластыра отырып, біз ойымыздың күллі барысын, оның дәйектілігі мен ақылға қонымдылығын, логикасын байқай аламыз. Мидың аңдаусыз қимылы жайындағы істің мәнісі басқаша. Бұл — ой процесінің екінші дәрежесі. Мұнда біз ақылға салу, ойлану процесінің қалай болғанын көзімізге елестете алмаймыз. Ми ойланудың түпкілікті нәтижесін ғана ақылға ұсынады. Бұл нәтиже ешбір дәлелсіз дайын тұрған пайымдау ретінде ақылға енеді.

Міне, мұның өзі кейде кенеттен «сарт» етіп ой түсу, «еске түсу» құбылысы ретінде қимылдайды. Алайда одан бұрын мидың қажымай-талмай (кейде тіпті ұзақ уақыт) жұмыс істегені белгілі.

Сынаушы ұшқыш машинаны аман алып қалу үшін санаулы секундтардың ішінде дұрыс шешімге келеді. Мұнда оған жәрдемдескен не? Сын кезеңінде оған өзінің өткен күндердегі күллі тәжірибесі жәрдем етеді. Оның миы заматта жұмыс істеп, нендей шара қолдану керек екенін дереу таңдайды, дұрыс шешім қабылдайды. Бірақ кейіннен сол ұшқыштың өзінен: «басқаша істемей, сен неғып бүйттің?» деп сұрасаң, ол бұған жауап бере алмауы да мүмкін. Өйткені ол «ойланбастан-ақ», дереу, көзді) ашып-жұмғанша шешім қабылдады ғой, айта берсеңіз, ол мұны ақылмен емес, интуициямен істеді.

Неше түрлі мистиканы жақтаушылар интуицияға — басқаша айтқанда, сарт етіп еске түсу, іші білу, ерекше сезу, бірдеңені таба қою және басқа қасиеттерге ерекше мән беріп келді және осы күнде де бұған ерекше мән береді. Тіпті материалистік позицияларда мығым тұрған адамдардың өзі де кейде бұл сапаларының әдеттен тыс, жұмбақ сыры бар екенін атап көрсетуге тырысады. «Интуиция немесе, жұрттың кейде жиі айтатынындай, өзгеше алтыншы сезім,—деп жазады «Болжау құпиясы» деген кітаптың авторлары В. Лисичкин мен А. Белявский,— адамның таңғажайып қасиеті. Біздің психологтарымыз осы жақын арада ғана бұл құбылысты зерттеумен ақыры мықтап шұғылдана бастады. Мүмкін, бұл адам ойының ең жоғары сатысы, біздің өмірден алған барлық білімдеріміздің, соның ішінде ақылмен жинаған және аңдаусыз, санамызға білінбей енген барлық зердеміздің, ұрпақтардың миға берілген бүкіл генетикалық информациясының, адамның барлық сезімдерінің жиынтығы, қорытындысы болар...»

Интуицияға баға бере келіп, белгілі бір адамның дүние танымы қандай екенін аң ғаруға болады. Егер ол түйсікті «аспаннан келген аян» деп бағалайтын болса, мұны «шындықты білудің» табиғат заңдарымен түсіндіруге болмайтын қабілеті десе, онда бұл арқылы мистикаға жол салынатыныиа күмәнданбауға болады. Бұл арада мынаны айтқан жөн: психиканың нақ осы саласында, күтпеген жерден ашылған жаңалықтар да, кенеттен еске түскен өнертабыс та, ойламаған жерден келген творчестволық шабыт та бейне бір тұрлаусыз күшті жақтаушыларға қажетті факті бола кетеді. Көптеген ғасырлар бойы түсінігі табылмай келе жатқан құбылыстардың сыры аспанда деліне салады, Қазіргі күннің өзінде де біздің ақыл-ойымыздың бұл проблемасы, оның көптеген жақтары әлі түгел анықталмаған, былайша айтқанда, жеті қабат жердің астында жатыр. Интуициямен қабылданатын шешімдер механизмі бізге түгелдей дерлік түсініксіз, беймәлім. Алайда интуицияға байланысты нәрселердің бәрі ешбір зерттелместен-ақ жоққа шығарыла салатын, сөйтіп неге болса соған сенудің «үлесіне» тиетін заман да өтті. Қазіргі күнде жұрт ненің болса да сырын бағдарлайтын дәрежеге жетті.

Аңдаусыз ес пен жад жайында біз білетін дүниенің бәрі тек бір бағытқа қана саяды: адамға «аян», «сарт етіп келе қалатын ес», «түйсік» дегендер аспаннан түспейді. Интуиция бұдан бұрын алынған білімдермен, дағдымен, жинақталған тәжірибемен және логикалық оймен, яғни толық саналы психикалық процестермен мейлінше тығыз байланысты.

Ақылмен игерілмеген құбылыс — сананың өзінше ерекшеліктері бар айрықша қызметі. Кейде басымызға «жарқын ойдың» сап ете қалуы тек осы жолмен ғана жүзеге асады — көп реттерде мүлде күтпеген жерде, айталық, ғалым, жазушы немесе өнер табушы стол басында отырып өз жұмысын ойлағанда емес, кейде тіпті демалыс кезінде, басқа бір бөгде шаруаның үстінде, кенеттен жемісті ой туа қалады. «Біздің шын мәнісінде ең жоғары ұғымдағы өнертабыс немесе жаңалық ашқандық деп жүргеніміз,— деген болатын Гете,— әдеттен тыс, шектен шыққан құбылыс, шындықты айрықша сезудің жүзеге асуы; мұның өзі әлдеқашаннан-ақ іште жатып, тыныштықта дамып, күтпеген жерден найзағайдай жарқ етіп, жемісті танымға, зерделі ойға бастайды».

Ойдың мұндай «табыстары» ойлану процесінің, көп реттерде аңдаусыз ойдың біздің өмірімізде қаншалықты зор роль атқаратынын көрсетеді. Адамның білімі, тәжірибесі неғұрлым көп болған сайын, оның интуициямен дұрыс шешім қабылдауы солғұрлым жиі кездеседі: «ой табысы» қашанда болашағы зор, үміт арттыратын істерге бастайды.

Механик бір топ самолет аспанға ұшып шығар алдында бұлардың двигательдерін әбден тексеріп «рұқсат» берді. Алайда машиналар аспанға көтеріліп шығысымен-ақ механик өзінен-өзі үрейленіп, ойына қайдағы бір күдіктер орала бастады. Ол үш самолеттің біреуінен ақау табылып қалуы мүмкін-ау деп қорықты. Шынында да сол самолеттің двигателі бұзық болып шығып, ол жерге тез қонуға мәжбүр болды. Мұның сыры оңай еді. Тәжірибелі механик самолеттердің біреуі двигателін тұтандырып іске қосқанда, әйтеуір бірдеңесінің келіспей тұрғанын сырттай аңғарып қалды. Бірақ оның сыртқы белгісі оншалықты көзге шалына қоймады, сондықтан моторшының ойына бастапқыда ешқандай күдік ұялаған жоқ, тек қана аңдаусыз ой келді де қойды, біршама қысқа уақыт өткеннен кейін ғана оның миы санасына тиісінше хабар берді. Бірақ ол кезде самолет аспанда болатын, оның двигателінен ақау шыққаны енді ғана аңғарылған еді. Мотор байқаушының бұл ойы әлі «қалыптасып бітпеген болатын», двигательдердің дұрыстығын тексеруге жауап беретін адамның ойына күдік салғаннан басқа ешбір белгі көріне қоймады.Соның өзінде механик әлдебір қолайсыздықты, бәлкім, апатты алдын-ала сезіп, өзінен-өзі әбігерлене бастады.

Өте сирек кездесетін, аса қауіпті және ерекше кәсіптің маманы болған бір адамның интуиция жайындағы мынадай естелігін мысалға келтіре кеткен жөн болар еді. Бұл жерде совет барлаушысы полковник Г. Лонов жайында сөз болып отыр. Оның естеліктері 1970 жылы «Неделя» апталығында басылды. Мұнда оның «Неделя» қызметкері А. Евсеевпен әңгімесі жарияланған болатын.

Осы әңгіменің бір үзіндісі мынадай: — «Мен өз сезіміме көбірек сенемін, мұны анкеталар мен мінездемелерде жазылғандағыдан артық балаймын. Кей адамдар жайындағы пікірімнен таймаймын. Белгілі бір адам жайында мен қандай пікір топшыласам да, оны тек сол адамның өзі ғана және қызмет — қылығымен өзгерте алады. Бұдан басқаны білмеймін. Мен әдетте оны жұрттың мақтағанын да, оған керісінше, даттағанын да көп тыңдай бермеймін.

— Сонда сіз өз интуицияңыздың әрқашанда дұрыс бола беретініне сенесіз бе?

— Тоқсан процентіне сенемін және де мұнда тұрған ешқандай мистика жоқ деп ойлаймын. Менің ойымша, ғылым бұл проблемамен мықтап шұғылданған кезде сезімнің аңдаусыз ойлар қатарына жатқызылары даусыз деп білемін; мұндай ойлар әдетте біздің миымызда пайда болады, бірақ санамызға сіңбейді, есімізге қонбайды, әбден ұялап үлгірмейді; бірақ соның өзінде де белгілі бір клетканың түкпіріне қажетті ақпарларды «түбі керек боларсың-ау» деп жинақтай береді, мұндай мағлұматтардың басымызда барын біз кейде сезбейміз де. Ми әрбір минут сайын бізге төніп келе жатқан қатер жайында ескерту жасап, әлгі ақпарларды шығарумен болады... Барлаушы үшін интуиция дүниесінің өте жақсы болғаны әбден керек нәрсе...» Санадан тыс құбылыстар адамның психикалық қызметінің барлық салаларынан әрқашанда орын тебеді. Біздің психикамыздың жұмысындағы бұл ерекшелікті еске алмай тұрып, адамдардың әр түрлі өмір қаракеттері кезіндегі жүріс-тұрысын, көңіл күйін түсініп білуге болмайды. Аңдаусыз ой кәдімгі санамен әрқашанда бірлесіп қимыл жасайды, соның өзінде бұлардың өзара қимылы бір-біріне бағынышты сипатта болмайды. Санадан тыс құбылыстар саналы құбылыстарға үстемдік етеді деп пайымдайтындай ешбір негіз жоқ, бірақ сонымен бірге біздің миымыздың жұмысында санадан тыс құбылыстардың атқаратын ролі елеусіз деп ойлауға да болмайды.

Көп реттерде саналы қызмет санадан тыс құбылысқа айналып кете береді. Мысалға, автомашина жүргізу әрекетін алуға болар еді. Біз бұл өнерді үйреніп жүргенімізде автомобильдің рулін ұстап отырғандағы әрбір қимылымыз мейлінше саналы, алдын-ала ойланған сипатта жүзеге асырылады; бірақ кейіннен, біршама уақыт өткеннен кейін, сіз машинаны әбден игеріп алған соң оны бейне бір автоматша жүргізе бересіз. Қолайсыз жағдайға килігуіңіз-ақ мұң екен — андаусыз ой мұндай жағдайда не істеу керек екенін дереу есіңізге сала қояды: сол себепті сіз машинаны дереу тоқтатасыз немесе басқа жаққа қарай күрт бұрып әкетесіз... Бір сөзбен айтқанда, интуицияны табиғаттан тыс кұбылыстардың қатарына жатқыза көрмеңіз. Дүниедегі барлық құбылыстар сияқты, оның да өз алдына бөлек табиғи түсінігі бар.

«Мен,— деп жазған болатын А. Эйнштейн,— біздің ойымыз негізінен белгілерге (сөздерге) соқпай-ақ өтіп жататынына және соның өзінде парықсыз, санасыз болатынына күмәнданбаймын. Егер мұның жайы басқаша болса, онда біз белгілі бір сезімді қабылдағанымызда кейде «таңданбас» едік, және де ешбір ойланып жатпай-ақ қайран қала салмас едік...»

"ӘЛЕМДЕ ТАЛАЙ ҚЫЗЫҚ БАР"

Ғажайып құбылыстар энциклопедиясы

Категория: Мои файлы | Добавил: erkin_64
Просмотров: 892 | Загрузок: 0 | Комментарии: 1 | Рейтинг: 0.0/0 |
Всего комментариев: 0
Добавлять комментарии могут только зарегистрированные пользователи.
[ Регистрация | Вход ]
Приветствую Вас Гость

Поиск
Друзья сайта
Статистика

Онлайн всего: 1
Гостей: 1
Пользователей: 0

Copyright MyCorp © 2016
Сделать бесплатный сайт с uCoz