Ең улы жәндіктер (интернеттен) - Мои файлы - Каталог файлов - Дуйсенбаев Еркин САЙТЫ

Дуйсенбаев Еркин САЙТЫ

Меню сайта
Категории каталога
Мои файлы [124]
Наш опрос
Сайтымды калай багалайсыз?
Барлық жауап: 3907
Главная » Файлы » Мои файлы

Ең улы жәндіктер (интернеттен)
[ ] 07.03.2010, 07:52

ЕҢ УЛЫ ЖӘНДІКТЕР

Бұлар көбінесе мұхиттарда болады. Адамға ең қауіпті улы жәндіктердің бірі — «теңіз сонасы». Бұл Үнді мұхитында қалқып жүретін шағын медуза. Оны жұрт «Австралия жаға-жайларының сұмдығы» деп атайды. Оның қармауыш қанаты жанай тигеннің өзінде адам санаулы-ақ секундтардың ішінде өліп кетеді. «Теңіз сонасының» қанға енген уы жүректі тоқтатып тастайды. «Теңіз сонасы» ішек-құрсақты жануарлардың қатарына қосылады. Сонымен бірге бұл санатта медуза, маржан, гидралар бар.

Сырт қарағанда моп-момақан бұл жәндіктердің қаруы — табиғаттың нағыз инженерлік ғаламаттарының бірі. Олардың қармауыштарында ерекше клеткалары болады, бұл клеткалар тітіркену әрекетіне құрттай «найзаларын» лақтырып жауап береді. Қармауыш тармағына тиіп кетсең-ақ болғаны, оттай күйдіріп жібереді. Одан адам денесінде қып-қызыл тыртық қалады. Қанша удың дарығанына байланысты «теңіз сонасы» шаққан жәндіктердің бойынан әр түрлі белгілер байқалады. Ал адамның басы ауырып, лоқсиды, тыныс мүшелері жансызданып, жүрегі тоқтайды.

Бұл улы жәндіктер әулетінің бір түрі «португал кемешігі» деп әп-әдемі аталған. Бұларды жел айдағанда жоны күнге шағылып, көгілдір, қызғылт түске боялады. «Кемешіктер» ұсак балық және баска жем іздеп, су кезеді. Қармауыш тармақтары 30 метрге дейін созылатын бұл мақұлықтар үйір-үйір болып жүреді. Оған балық шырматылып қалғанда «кемешіктер» мыңдаған ұсақ-ұсақ «найзаларын» лақтырады; олар олжаға қадалып, сеспей қатырады.

Ал теңізде жүретін улы балықтар ше? Бұлар өте көп. Үнді мұхитында тіршілік ететін тасбалық немесе сүйел-балық көлемі жағынан футбол добынан үлкен болмайды. Бірақ жалмауыздығы акулалардың қайсынынан да асып түседі. Олар су астындағы жартастардың қалтарыстарында жемін аңдып жатады. Сырт қарағанда, оны кеуіп қалған бір кесек маржаннан немесе жай тастан ажырата алмайсың. Нью-Иорк аквариумына келгендердің бассейнге қарап біраз тұрғаннан кейін онда ешбір тірі жәндік жоқ деп есептеп, сырт айалып кеткендері талай кездескен. Ал бассейнде әрқайсысының ұзындығы 25 сантиметрдей екі немесе үш балық жатады.

...Аквалангист-ихтиологтың мына бір жазбасынан үзінді келтіруге болар еді:

«Су түбін мұқият тінтіп, қызық жануарларды әрі тамашалап, әрі жинап жүзіп келемін. Алдымда бір тас жатыр екен. Оны аударып тастауым-ақ мұң екен, қолымды жалма-жан тартып алдым. Өйткені оның қасында жатқан түр-түссіз басқа бір тас кенеттен қыбырлап, әрі жылжыды. Сүйел-балық — осы, оны тасбалық деп те айтады. Бұларды мен фотосуреттерден көп көргем, одан кейін Сингапур мен Нумеа аквариумдарында тамашалағаным бар.

Бұл таңғажайып балықтың сырт бейнесін бірде-бір жазушы баяндап жеткізе алмайды, бірде-бір суретші оның түрін көрсете алмайды. Тіпті жарқыраған аквариумның өзінде дәл қасында тұрып қарағанда, су түбінде жатқан ешбір түр-түссіз нәрсе, әлдеқалай тастың сынығы, нендей бір өсімдіктің тамыры емес, тірі мақұлық дегенге сену қиын-ақ.

Табиғи жағдайларда қыбыр етпей жатқан сүйел-балықты аңғару мүлде мүмкін емес деуге болады. Ол қашан да қимылдамай жатады. Сонымен бірге бұл улы балықтардың ішіндегі ең улысы болса керек. Оның тікенек бұдыры тиген жерің бірнеше күн бойы қақсап қатты ауырады. Одан аман қалған күннің өзінде адам өмірбақи мүгедек болады. Сүйел-балық Тынық және Үнді мұхиттарының тропиктік аймақтарындағы суларда көп болады. Оны көрген адамның үрейі ұшып жиіркеніш сезім пайда болады».

1956 жылғы мартта Сейшель аралдарының жағажайы маңында суға түсіп жүрген бір бала аңдаусызда сүйел-балыққа тиіп кетеді. Бала су астынан шығып тұрған тастарға қарай жүзіп келе жатып, құмдақ қайырға аяғын титтей тигізіп алады. Солақ екен оның табаны дуылдап, бірте-бірте бүкіл денесіне у тарайды. Баланың аяғына сүйел-балықтың үш тікенегі еніп кеткен екен. Ол жаңағы тастарға әрең жетіп, судан шығады. Бұдан кейін баланы қайыққа мінген достары келіп алып кетеді. Олар қапелімде ауырып қалған баланы жағаға шығарады. Бірақ қайық жағаға келіп тоқтай бергенде-ақ бала көкпеңбек болып, көгеріп кетеді. Ол ауруханаға бара жатқан жолда машинаның ішінде өледі.

Тасбалықтың жақын тектесі — теңбіл балық. Жаңағыға керісінше, бұл өте әдемі болады. Мақұлықтың денесі бұдыр-бұдыр тікенектерге, әдемі қанаттарға толы. Балық су бетін тілгілеп, жүзіп келе жатқанда өткен замандардың желкенді қайығына ұқсайды.

Бұл улы мақұлықтың бойында 18 улы инесі болады. Теңбіл балыққа кезіге қалсаң, ол шегіншектемей, бір орнында шыр көбелек айналып тұрып алады. Сонда жонындағы инелерін жұмсауға әрекеттенін бағады.

«Қолыма әлдеқалай отқа қыздырылған шеге қағылғандай болды,— дейді Нью-йорк аквариумының бір қызметкері; сөйтсем теңбіл балықтың уы дарыған екен. Ондаған секундтың ішінде қолым адам айтқысыз болып ісіп кетті».

...Мұхиттарда тіршілік ететін енді бір ұсқынсыз мақұлық бақа-балық делінеді. Оның у қорыту және у шығару мүшелері өзгелерден әлдеқайда жетік болады. Оңтүстік Америка жағалауларында тіршілік ететін бақа-балықтардың бұдыр инелерінің іші қуыс болады, яғни улы жыландардың қуыс тісіне ұқсайды. Балық әлде бір тірі жәндікті тістегенде оның әрбір тікенегінің түбіне орналасқан у бездері қатерлі уын алдымен инеге шығарады, ал ине өз кезегінде қолына түскен құрбанының денесіне уын дарытады.

«Ғажайып құбылыстар энциклопедиясы» кітабы, АЛМАТЫ, 1986.

Авторы: В.Мезенцев

Категория: Мои файлы | Добавил: erkin_64
Просмотров: 4919 | Загрузок: 0 | Комментарии: 4 | Рейтинг: 3.3/7 |
Всего комментариев: 0
Добавлять комментарии могут только зарегистрированные пользователи.
[ Регистрация | Вход ]
Приветствую Вас Гость

Поиск
Друзья сайта
Статистика

Онлайн всего: 1
Гостей: 1
Пользователей: 0

Copyright MyCorp © 2016
Сделать бесплатный сайт с uCoz