Діндер тарихынан: Иудаизм (интернеттен) - Мои файлы - Каталог файлов - Дуйсенбаев Еркин САЙТЫ

Дуйсенбаев Еркин САЙТЫ

Меню сайта
Категории каталога
Мои файлы [124]
Наш опрос
Сайтымды калай багалайсыз?
Барлық жауап: 3910
Главная » Файлы » Мои файлы

Діндер тарихынан: Иудаизм (интернеттен)
[ ] 07.03.2010, 10:22

ИУДАИЗМ

Еврей халқының ұлттық діні Иудей аңызы бой­ынша, Жаратушы Тораны (Таурат) сол уақыттағы барлық жетпіс халыққа қабылдауға ұсынған. Алайда еврей ұлты ғана қабылдауға келіскен. Сондықтан, діни мағынада "Израиль” бір Құдайды мойын­дағандар мен заң кітабы – Тора арқылы Құдайға бой ұсынуға ұмтылушыларды білдіреді.

Иудаизм термині (Ивритте "Яаадут”) Иуда еврей тайпасы бірлестігінің атынан шыққан. Иуда Из­раиль­дің ең ірі тайпасы болатын. Иврит тілінде "Иудаизм” термині XІX ғасырдың соңынан бастап кең тарала бастады.

Давид патша Иуда тайпасынан болатын. Давид тұсында біріккен Израиль-Иуда патшалығының күш-қуаты арта түсті. Бұл б.з.б. XІ ғасырдың соңында болды.

Иудаизм дін ретінде және құқықтық, моральдық-этикалық, философиялық және діни түсініктер кешені ретінде төрт мың жыл бойы және бүгінгі уақытта еврейлердің өмір салтын айқындап келді және айқындап отыр.

Танах үш бөлімнен тұрады: Тора Мұса (ғ.с.) (бес кітап) Нэбиим (Пайғамбарлар), Кэтувиим (Жазба). Танах б.з.б. Х ғасырдан б.з.б. ІІ ғасыр аралығында қалыптасты. Талмуд екі бөлімнен тұрады. Бірінші бөлім – Мишна (Қайталау). Бұл Тораға түсіндірме. Екінші бөлімі – Гемара (толық түсіндіру). Бұл Мишнаның түсіндірмесі. Талмудта қыл­мыстық және азаматтық сипат­тағы заңдар, адамгершілік заңдар, отбасылық және жеке адам өміріне қатысты кеңестер бар. Талмудта 365 тыйым және 248 бұйрық әмірлер жинақталған иудей әдет-ғұрыптар жүйесі бар. Иудей діни ілімінің негізі дүниені жаратушы бір құдіретті Яхве Құдайына деген сенім. Иудаизмде құтқарушының келуіне деген сенім бар, ол мессия (мәсіх) деп аталады. Иудаизм бойынша мессия жер бетін­де әділетті тәртіп орнатады деп есептелінеді.

Ақырзаман және өлілердің қайта тірілуіне сенім – еврей ұлтының Жаратушының таңдаулы халқы екендігіне сенім. Бұл түсінік бойын­ша Моисей (Мұса) арқылы израиль халқына заң (Тора) беріп, одақ құрған.

Израильде Иудаизмнің діни институттары мемле­кеттік бюджеттен қаржыландырылады. Жоғарғы рав­винат діни ұйымдар мен бірлестіктерді қадағалайды. Парламент және үкіметте раввинаттың мүддесін қорғайтын басты діни — саяси партия Мафдал болып табылады.

Таяу Шығыс, Солтүстік Африка Балкан елінен келгендер Сефард қауымын құрады. Еуропа, Амери­ка, Австралия, ОАР-дан келушілер ашкеназиялық қауымды құрады.

1921 жылы Сефард және Ашкеназийлік бас рав­виндер басқаратын жоғары раввинат кеңесі сайланды.

Израиль мемлекетінің қалалары мен елді мекен­дерінде 200 діни кеңестер (моацот, датиот) жұмыс жасайды, Израиль елінде 24 раввинат соттар бар. Ді­ни мектептер (ешибот) үлесі орта білім беру орында­ры­ның 17%-ын құрайды. Израильдің барлық мектеп­терінде діни пәндер оқытылады. Білікті дін маман­дары діни институттарда дайындалады.

Иудаизмнің негізгі қағидаттары XІІ ғасырда өмір сүрген атақты философ-талмудшы, рабби Моисей мен Маймон (1135-1204) іліміне сүйенген төмендегідей 13 ережелерден тұрады:

1. Құдай бар.

2. Құдай бір.

3. Құдай денелік пішінде болмайды.

4. Құдай мәңгі.

5. Иудейлер тек бір Құдайға табынуы тиіс.

6. Құдаймен қарым-қатынас тек пайғамбар арқы­лы болады.

7. Моисей (Мұса) – ең ұлы пайғамбар.

8. Тораның шығуы қасиетті.

9. Тора өзінің мән-мағынасын еш жоғалтпайды.

10. Құдай адамдардың барлық іс-әрекетін біледі.

11. Құдай зұлымдықты жазалап, қайырымды­лықты мадақтайды.

12. Құдай өзінің Мессиясын жібереді.

13. Құдай өлілерді қайта тірілтеді.

Сенім қағидаттары "Йигдаль” (ивритше – "ұлы­лық”) әнұранында баяндалған. "Өмір беруші Құдай ұлылығы мен даңқы шексіз”, – бұл әнұранды Иудаизм­ді ұстанушылар синагогада орындайды.

Иудейлерде Құдай аты Яхве (Яху, Яго, Иегова немесе Адонай). Яхве бастапқыдан Иудей-израильдік пантеонда айрықша орын алады. Құдай атын атауға болмайды.

Ежелгі түсінік бойынша Құдай атын атау – бұл ажал­ға алып келеді. Яхвенің орнына Адонай ("менің әміршім”), "Менің Құдайым – Яхве” сөзі қолданы­ла­ды. Алғашқыда ежелгі еврей құдайлар пантеонында Яхве жерді түзеуші, жай атқыш, жаңбыр беруші ре­тінде көрінеді. Аман-есендік игілік Яхвемен байла­ныс­тырылды. Тек кейінірек Яхве басты Құдай атанды. Яхве культін орталықтандыру үдерісі және Яхвені барлық еврейлердің жалғыз құдайы ретінде мойын­дату үшін күрес ұзаққа созылды.

Кез келген иудей үшін Құдай, Тора және еврей халқы ең маңызды мағынаға ие. Бұл әлемнің барлық еврейлерін біріктіруші діни және ұлттық идея. Еврей­лердің құдайдың таңдаулы халқы екендігі идеясы догматикалық сипат алды. Яхве еврейлермен айрық­ша одақ құрып, тек еврейлерді өз халқы деп есептей­ді. Бұл идея сионизмнің діни негізін құрайды.

Зайырлы және діни Иудаизмнің ерекшеліктері бар. Зайырлы Иудаизм ұғымы белгілі бір Иудей құндылықтарын, тіпті кейде діни мағына берілмейтін діни негіздегі еврейлердің философиясын сипаттайды.

Тора мен Талмудтағы түсініктер мен діни ілімге сәй­кес сенушілердің бүкіл өмірін реттеуші әдет-ғұрып­тардың күрделі жүйесі жан-жақты, бүге-шігесіне дейін айқындалған. Киіну, тамақтану, салт-жораны сақтау және мейрамдарды өткізу туралы нұсқаулар көрсетілген.

Маңызды әдет-ғұрыптық талаптар қатарына мыналар жатады:

– Сүндетке отырғызу, ұл балалар дүниеге келген соң сегізінші күні жасалады. Бұл Яхвеге сыйыну­шылар қатарына қосылу белгісі. Сүндетке отырғызу­ды могель атқарады.

– Сенбі күнін тыныштық пен дұға жасау күні ретінде қастерлеу. Ивритте сенбі – шаббат деп ата­лады. Сенбі күні жұмыс жасауға болмайды (малаха); Іс-әрекеттің шұғыл формалары: жедел жәрдем, полиция, өрт сөндірушілер және т.б. рұқсат етіледі. Үйде жұмыс істеуге тыйым салынады. Сенбі күні өлген адамдарды жерлеуге болмайды және т.б.

"Шаббат басында, яғни жұма күні күн батар кеш­құрым мезгілде отбасы анасының батасымен сенбілік шырағдан жағылады. Отбасы синагогаға барады. Үйіне келген соң ол балаларына бата береді және әйелін Соломон Өсиет кітабының 31-тарауының сөздерімен мадақтайды. Отбасы сенбілік тамақ ішуге кіріседі. Тамақ ішер алдында нан және шарап негі­зін­де бата жасалады. Шаббат күні от жағуға болмай­ды. Егер от бұрыннан жанып тұрса, онда жанып тұра береді.

Сенбі күні ұзақ сапарға шығуға болмайды. Кеме бортында отырған жолаушыларға борттан түсуге болмайды. Ортодоксалды еврей синагогадан жаяу жүретіндей қашықтықта тұрады. Өйткені, ол сенбі күні автомобиль жүргізе алмайды. Ол қоғамдық көлікті де пайдалана алмайды”.

– Күшейтілген дұға жасау, (тфила) дұға жасауға (кавана) толық берілу қажет. Қол жуарда, тамақ ал­дында және тамақтан кейін дұға оқу керек. Тамақтың әрбір түрі үшін өзіндік дұға мәтіні болады. Сенбілік, мерекелік шырағданды жағар алдында да дұға оқылады.

Синагогада біріккен құлшылық ету он ересек адамның, яғни "діни қатынаста құқығы бар еркек болғанда ғана жүргізіледі. Бірақ, ерекше жағдайда жалғыз дұға жасауға болады”.

– Пост (ауыз бекіту) – күнәдан тазару, тәубаға келу күндері, ұлы апат және т.б. Иудейлік діни ілім бойынша, тек күйіс қайыратын жануарлардың, шехит ережесі бойынша бауыздалған үй құстарының етін жеуге болады. Шошқа, жылқы, қоян етін жеуге, бір уақытта ет және сүт тамақтарын колдануға тыйым салынады. Егер тамақ алдында иудей сүт тағамын ішсе, онда ет тағамдарын жеу алдында, олар ауыз шайқауы немесе бейтарап (нан түйірін) тағам жеуі керек. Тамаққа қанды қолдануға айырықша тыйым салынған.

– Шавуот (шабуот) – апта мейрамы немесе Мұсаға Синай тауында Тораның берілуіне байла­нысты мейрам. Иудей діни ойшылдарының пікірін­ше, бұл мейрам пасханың бірінші күнінен соң 50-ші күні өткізіледі.

Иудаизмнің көп ғасырлық тарихында жікшілдік, секталар, бағыттар, қозғалыстар пайда болды. Бүгінгі уақытта, ғалымдардың пікірінше, мынадай иудаизм бағыттары қалыптасты: караим, хасидизм, реформа­торлық, консерваторлық, ортодоксальды. ХІІ-ХІІІ ғасырда еврей діни ойшылдарының арасында Каббала философиялық көзқарастар жүйесі тарала бастады. Каббалистердің қасиетті кітабы – "Зогар” ("Шұғыла”).

Иудаизмнің діни мейрамдары: бірінші мейрам Рошха-Ашана (Рош-Хашана) – діни Жаңа жыл, бұл күнді керней дыбыстары күні деп те атайды. Бұл мейрам жаман, зұлым рухтарды керней дыбыстарымен аластайтын ай мейрамымен байланысты. Вавилондық тұтқындалудан кейін, вавилондық мәдениет ықпалы­мен бұл мейрам "аспан соты” мейрамына айналды. Бұл күні Яхве бүкіл тіршілікке үкім шығарады.

Келесі маңызды мейрам Йом-Киппур – сот күні, кешірім, тәубеге келу және күнәдан арылу, о дүниелік болған ата-ана, жақын туысқандарды еске түсіру күндері. Раввиндер іліміне сәйкес, Рош-Ашанадан кейін 10 күн ішінде (тәубеге келу күндері) Яхве барлық адамдардың іс-шаруасын тексереді және әрбір адамның келесі жылғы тағдыры туралы өзінің соңғы шешімін дайындайды.

Бұл шешім Йом-Киппур күні жарияланады.

Ханука – жарық мейрамы (Оттардың 8 күндік мейрамы).

Пурим (ежелгі грек сөзі "пур” – жеребе) – Эсфири (Есфири) құрметіндегі мейрам. Бұл күні парсы патшасы Артаксеркс (б.з.д. ІV ғ.) уақытында зұлым Аманның қиянатынан азат болу атап өтіледі. Бұл оқиға жайлы Інжілдік кітап "Есфирьде” әңгіме болады. Бұл – вавилондық тұтқындаудан азат болу.

Песах – пасха; азаттық мейрамы – Египеттен еврейлердің шығуын еске түсіруге арналған сегіз күндік мейрам.

Йом Га-Шоа – Апат күні немесе Холокосты еске түсіру күні. "Шоа” ивритте "құйын” мағынасын береді. Алғашқыда қаралы күн "холокост” және қаһармандық күні деп аталды. Бұл күнді 1951 жылы Израиль парламенті белгіледі. Варшавалық гетто көтерілісінің жылдық мерзімін Ниссан айының 27-сі күні атап өтеді. Бұл күнді зайырлы билік енгізуіне байланысты иудей ультраортодокстары мойында­майды. Көптеген еврейлердің пікірінше, айырықша мемориалды күнді белгілеу дәстүрге қайшы келеді.

Иудаизм – түрлі сыннан өткен дарынды халық­тың діні. Еврейлер қуғын-сүргінге ұшыраумен қатар, бірнеше рет геноцидті бастан кешті.

Еврей халқының өміршеңдігі және өзінің төл ерекшелігін сақтап қалуы иудаизмнің арқасы. Иудаи­зм кез келген еврей үшін дін ғана емес, сонымен бірге өмір салты, моральдық сүйеніш және рухани тірек болды.

Қазақстанда иудаизмді алғашқыда қаған бастаған хазар аристократтарының шектеулі тобы қабылдады. Тарихи дерек бойынша, алғашқы еврей қоныс аудару­шылары Түркістанға Ираннан келді, бұл ХІV ғасыр­да. ХІХ ғасырдың соңы мен XX ғасыр басында кейбір елді мекендерде еврей қолөнершілері өмір сүрді.

Біздің елімізге еврейлердің жаппай келуі сталиндік репрессиямен байланысты. Осы уақытта Украинадан, Ресейдің еуропалық бөлігінен, Балтық жағалауы елдерінен көптеген еврей отбасылары қоныс аударды. Бүгінгі күнде елімізде ортодокстік (негізінен бұл неоортодокстар және хасидтік қозғалыс Хабад ұс­танушылары), реформатор­лық және консер­вативтік ағымдардың өкілдері өмір сүреді.

1998 жылы Алматыда жетінші любовичтік ребе – Менахема Шнеерсон атындағы еврей орталығы ашылды. Орталықтың синагогасы Леви Ицхак атында. Ол 1939 жылы Қазақстанға жер аударылған.

Қазақстанның бірнеше қалаларында синагогалар салынды. Барлық ірі қалаларда еврей жексенбілік (воскресенье) мектептері бар.

Қазақстанда 10-ға жуық синагогалар, 70 мыңға жуық дін ұстанушылар бар. Елімізде Қазақстан еврейлер конгресі қызмет жасауда.

Авторлар туралы мәлімет

Нағима Байтенова – әл-Фараби атындағы Қазақ ұлттық университетінің философия және ғылым методо­ло­гиясы кафедрасының меңгерушісі.

Бағдат Бейсенов – Қазақ ұлттық универ­ситетінің философия және саясаттану факультетіндегі дінтану бағыты бойынша мамандандырылған философия және ғылым методологиясы кафедрасының аға оқыту­шысы. Қазақстандағы діни жағдай, Ислам өркениеті, Исламдағы бағыттар, қазақ ойшылдарының діни ізденіс­тері туралы мақалалары жарық көрген. Ғылыми жұмысының негізгі бағыты – еркін ой тарихы, ислам философиясы, ұлттық діндер, христиандық бағыттар, жаңа наным-сенімдер.

Категория: Мои файлы | Добавил: erkin_64
Просмотров: 11216 | Загрузок: 0 | Комментарии: 1 | Рейтинг: 4.8/13 |
Всего комментариев: 0
Добавлять комментарии могут только зарегистрированные пользователи.
[ Регистрация | Вход ]
Приветствую Вас Гость

Поиск
Друзья сайта
Статистика

Онлайн всего: 1
Гостей: 1
Пользователей: 0

Copyright MyCorp © 2016
Сделать бесплатный сайт с uCoz