Бес бәйіт (панчатантра) - ІІ бөлім - Мои файлы - Каталог файлов - Дуйсенбаев Еркин САЙТЫ

Дуйсенбаев Еркин САЙТЫ

Меню сайта
Категории каталога
Мои файлы [124]
Наш опрос
Сайтымды калай багалайсыз?
Барлық жауап: 3907
Главная » Файлы » Мои файлы

Бес бәйіт (панчатантра) - ІІ бөлім
[ ] 05.09.2008, 12:35

Бес бәйіт (Панчатантра)

ІІ бөлім

*

Опасызға көрсеткен махаббат, жауызға істеген жақсылық, ұқпайтынға үйреткен тәлім-тәрбие, сенімсіз-уәдесіз адамға айтқан сыр осының бәрі босқа кеткен пайдасыз еңбек екен. Ащы жеміс өсетін ағашты балмен, не маймен майласаң да оның жемісі ащы күйінде қалмақ. Жақсы адаммен дос болсаң, жақсылыққа кезігесің, ал зұлыммен достасу талай пәлеге ұшыратады. Бұл жағдай жел тәрізді – сасық заттың үстінен өткен жел сасық иісті таратып мүңкітеді, хош иістің үстінен өтсе де, оны өзімен бірге ала кетеді. Кем ақылдылар даналарды ақымақ деп санайды, арамзалар мейірбан жанды даттайды, ал өзі қисықтар достарының түзулігін сезбейді.

* * 

Көзі бар адам мен ақылды жан, міне осы екеуі ғана көре алады. Жарық дүниені және оның ішіндегі бар нәрсені көзі бар жан көреді, сондай-ақ күнәлі мен күнәсізді ақылды адам ғана ажыратады, ол келешек өмірді де біледі, қай уақытқа дейін өзінің ама-есен жүретіні де оған белгілі, сондықтан ол даңғыл жолмен тура тарта береді.

Дүниеде екі адам қайғыруға тиіс, соның біреуі күнде күнә жасайтын жан, екіншісі ешкімге ешқашан жақсылық ойламайтын адам, өйткені қуаныш пен рахат бұл өмірде өте шолақ, ал істеген ісі үшін жазалануға кіріптар болғанда, оның өкініші өлшеусіз ұшан-теңіз.

Екі адам қайғырмауға тиіс, соның біреуі үнемі ел болып есіркейтін сүйкімді жан, екіншісі еш уақытта күнәға батпайтын адам.

Еш уақытта көрмейтін жан да екеу-ақ: соқыр мен есуас. Соқыр аспанды да, жұлдызды да, жерді де көрмейді, ол алыс пен жақынды да, алдындағысы мен артындағысын да ажырата алмайды; сондай-ақ есуас адам да ақылдыны ақымақтан, сұлуды сұмпайыдан, жауызды игі жақсыдан ажырата алмайды, ол көре де бермейді.

Тоймайтын екі-ақ адам бар, біреуі дүниені тырнақтап жиып, баюдан басқаны ойламайтын адам, екіншісі – тапқанын түгел жұтып қойып, өзінде жоқты жұрттан тіленетін жан.

Екі-ақ кісіден қашқан жөн, соның біреуі – дүниеде сопылық та, күнәһар қылық та жоқ дейтін адам, ал екіншісі – өз еншісіне тимеген затқа көзін сататын адам, оның жаны тіленіп емінеді де тұрады, ондай адам өтірік-өсектен құлағын да тыя алмайды, біреудің әйеліне құмартуын да қоймайды. Күнәға соқтыратын ашқарақ қылықтан жүрегін де айныта алмайды. Дозақ отының зәрінен қорқып тәубе қылу, міне осыларға жарасады.

Өздерін азапқа салатын адам екеу-ақ, соның бірі артына бұрылмайтын, өңмеңдей беретін жан. Ол кейде сүрініп кетіп құдыққа құлайды, ал кейде шыңырауға шым батып өледі. Екіншісі – «Мен жауынгер жан емеспін» дейді де ешкімнен сақтанбайды, сөйтіп басқаны да адастырады. Жау көрінген кезде ғана қашып құтылуға тырысып, басына бәле тілеп тілеп алады.

* * *

Құлазып тұл қалатын үш-ақ нәрсе бар, олардың бірі – өзеннің сусыз арнасы тұл, екіншісі – иесіз ел тұл, үшіншісі – күйеусіз қатын тұл. Қолынан не жақсылық, не жаманшылық келмейтін ез едем да осы қатарға кіру керек.

Ойдағыдай жауап қайыра алатын үш-ақ адам, соның бірі – өз қазынасынан ел-жұртын жарылқап, сыйлық үлестіретін патша, екіншісі – өзінің нақсүйеріне, бас иесіне ебін тауып қызмет істейтін қылықты әйел, үшіншісі – тәңірінің жазған заңын дұрыс үйрететін ақылды ұстаз.

Біреудің сырты сұлу, өзі семіз – құр аты болса, бірақ сол аты мініс бермейтін жабы болса, міне сол адам ғана қайғыруға тиіс; көженің суы көп, еті аз сондықтан тағамының дәмі жоқ адам қайғыруға міндетті; кімде-кім көптің көзіне көп түсетін әдемі әйелге үйленсе, оған өзі жаға алмаса, сөйтіп үнемі сол әйелден сөгіс еститін болса, міне сол адам ғана қайғыруға тиіс, сонымен сайып келгенде, қайғыратын осы үшеуі.

Үш адам орынсыз қате жасайды, соның бірі – үстіне ақ киім киіп көрік басатын ұста; екіншісі – үнемі сәнденіп, аяғына жаңа етік киіп келіп су кешетін тері илеуші; үшіншісі – бүлдіршіндей жап-жас сұлу қызға үйленіп, сонсоң өз үйінен безіп, алып сапарда жүретін саудагер.

Үш адамды жазалау керек, соның бірі – күнәсіз азап тартқызған күнәһар жан; екіншісі – шақырылмаған тамаққа өздігінен ұмтылатын сұғанақ адам; үшіншісі – өздерінде жоқ зәру затын достары сұраса, бірақ сол ділгерліктің мәнісін аңғармаса және сұрап та білгісі келмесе, міне осы адамды жазалау керек.

Ақымаққа саналатын үш-ақ адам, соның бірі – бүкіл бала-шағасымен тар үйде тұратын ағаш ұстасы, өйткені ол ертеден кешке дейін ағаш сүргілеп үйін жоңқаға толтырады да, аядай үйдің ішінде айналатын жер қалмай қояды, екіншісі – ұстарамен қызмет істейтін, бірақ ықтияттап ұстай алмай, адамның денесін жаралайтын емші; үшіншісі – өз үйіне, өз отанына қайтқысы келмей, дұшпандарының арасына барып қонақтаған жолаушы; себебі ол жат елде жүріп өлсе дүниесіне, бар мұрасына бөтен адамдар ие болады, байлығы да солардың қолында қалады, ал сонсоң өзін мүлде ұмытып кетеді.

Биік таудың басына өрмелеген адам, балық аулаған адам, ауыр іске бет алған жан, міне осы үшеуі ғана асықпауға тиіс.

Қолы жетпейтінді арман ететін үш-ақ адам, соның бірі – тақуыалықтан жұрдай болған арамза, сөйте тұрып, өлгеннен кейін діндарлардың қатарына кіріп, солар сияқты жарылқануды дәме қылатын жан; екіншісі – өзін-өзі ізгі туған бекзет жанға санайтын сараң; үшіншісі – әділетті аттап халықтың қанын жүктейтін жауыз бұзық, сонда да ақыретте рақатқа батып, жарылқанатын мейірімді, рақымшыл ізгі сопылармен бірге болудан да үмітін үзбейтін адам.

Өзін-өзі михнатқа душар ететін үш-ақ адам, соның бірі – сақтанбай құр қол жауға шауып, майданда босқа өлетін жан; екіншісі – баласыз қу бас, не туған туысы жоқ саяқ жүрген бай, сонда да ол тоймайды, алған мүлкіне өте жоғары үстеме баға қойып, олжаға батады, сондықтан ол көлденең көпшіліктің қаңқуына ұшырайды; үшіншісі – өзі жеңілтек, әрі бұзықтыққа бейім тұратын жас әйелге үйленген кәрі шал, өйткені әлгі әйел үнемі оның өлімін тілейді, жас күйеуге шыққысы келеді, сөйтіп әлгі шалдың түбіне жетеді.

Қожайынын жексұрын көретін үш-ақ адам, соның бірі – кірісетін жеріне де, кіріспейтін жеріне де килігіп, білетінін де, білмейтінін де сөйлей беретін көк мылжың қызметші; екіншісі – ескі қожайынына өзінің жинаған мүлкінен бөліп беріп, көмек көрсетпейтін жаңадан байыған құл; үшіншісі – қожайынына дау айтып, онымен таласуды жақсы көретін және таласқанда қыр көрсетіп өктемдігін білдіретін құл.

Үш нәрсені келемеж етуге болады, кімде-кім: мен қалың қамауды бұздым, қан майданда кескілесіп, талай елді тұтқынға алдым десе, бірақ оның денесінен соғыстың қанды ізі көрінбесе, міне, осы адам келемеждеуге лайық; шариғат заңын жетік біледі, өзі сопы, өзі діндар деген адамның мойны жуан, өзі пасық күнәһардан да семіз болса, міне сол адамның өзі туралы айтқан сөзіне күдіктеніп қарап, оны да келемеждеуге болады, өйткені тағат қылып, құдайға жалбарынған жан көп семірмейді; сонымен қатар өзі әуейі сумақай бола тұрып, күйеуі бар бөгде әйелді де келемеж етуге болады.

Қиқарсып көнбейтін үш-ақ адам бар, соның бірі – жарыместі мәмілеге келтіруге тырысқан, соның сөздерін санатқа алып және өзінің ақымақ ойларын сарапқа салып, онымен ертеден қара кешке дейін ерегісіп сабылатын есуас жан, қазір мұның оған кесірі тимесе де, соңынан өкінеді. Кімде-кім жарыместің ашуын қоздырып, оған шабуыл жасап, оны жәбірлеп қаңқу етуге тырысса, міне сол адам қыңыр қимылдап өзін ғана жәбірлейді.

Сүйіспеншілігі жылдам ыдырайтында да үшеу-ақ, соның бірі досымен көптен бері кездеспеген, онымен хат жазысуға не былай қатынасуға мүмкіндігі болмаған адам; екіншісі – біреуді біреу жақсы көріп сыйласа, бірақ мұнысы оның қадір-қасиетіне сай келмесе және ол тиісті түрде осы қылықты қабылдамаса, тек қана келекелеп күле қараса, міне бұлардың да сүйіспеншілігі баянды болмайды; үшіншісі – кедейдің бай достары болса, олар ырзық-несібелі, қуанышты мәз-әйрам болып тұрса, әлгі кедей байлардың қимас затын сұраса, артынан өзі оның қаруын қайтара алмаса, міне, бұлардың да достығы тез қожырамақ.

Қылтың-сылтың мінез көрсетіп, жеңілтектігін білдіретін де үш-ақ адам, соның бірі - әділдікті бермейтін, өзімен бәсекелесіп жүрген кісіге дүние мүлкін сеніп тапсыратын жан. Екіншісі – мен батылмын, мен батырмын, дс табуға, мал-мүлік жинауға өте ептімін, ғимараттар салуға да, келелі істерді орындауға да шебермін деп жұртқа жар салатын, алайда осының бәрін жалған айтатын адам. Үшіншісі – қызба құштарлықтан мүлде қол үзіп, сауапқа бататын рухани ізгі жолға түстім дейтін бірақ Құдай жолын, шариғаттың заңын сақтамай ылғи әуейіліктің соңында сергелдеңде жүретінін күллі ел білетін кісі жеңілтек адам қатарына жатады.

Ақылды деуге симайтын да үш-ақ адам, соның бірі – биік жерде отырған етікші, өйткені қолынан не пышағы, не басқа бір аспабы түсіп кетсе, ылғи соны жерден көтеріп алуға алданып, әуреге түседі де, істеп отырған ісінен қалады; екіншісі – инесіне ұзын жіп сабақтаған тігінші, өйткені ол ұзын жір ылғи оралып қалып, оның жұмысын тоқтатуға себеп болады; үшіншісі – келген-кеткеннің шашын алғанда жан-жағына алақтай беретін, сөйтіп шаштың сәнін келтіріп сөгіс еститін шаштараз.

Дүниеде үш адам көп білемін деп ойлайды, ал шынында олар да үйренуге міндетті, соның бірі – дабылды қағып, оның дыбысын сырнайдың әуеніне, не басқа бір әннің ырғағына теңеуге тырысып, әуреленетін жан; екіншісі – бейнеленуінің жалпы нұсқасы тәп-тәуір, бірақ қолданған бояуы нашар суреткер; үшіншісі – ешбір істі істеуге мұқтаж емеспін, өйткені қандай өнер, қандай жұмыс болса да – бәрін өзім білем деп өзеурейтін адам, бірақ байыбына бармайтын, атап айтқанда, өзінен жоғары адаммен, не өзінен сәл төмен адаммен қай уақытта қалай сөйлесуді білмейтін жан.

 * * * *

Ешкімге ұқсамайтын төрт-ақ адам бар, соның бірі – неше алуан еркекті көріп-көріп, ақырында бір еркекке тоқтап, қанағаттанған әйел; екіншісі – өмір бойы өтірікке дағдыланып, ақырында шын сөйлеуге бет алған адам; үшіншісі – бұрынғы паң мінезін жұмсартып, дұшпанымен бітімге келген, өркөкірек менмен жан; төтіншісі – өзінің жаратылысын өзгертіп, жақсылыққа беттеген шексіз-шетсіз тәкаппар адам.

Болар істің мазмұнын үш жағдайда ғана алдын ала түсіну қажет, соның бірі – дұшпанына өзін күшті де жауынгерлігі басым екенін әрбір адам шайқас басталмас бұрын білу керек; екіншісі – кімде-кім бір қымбас нәрені даулап соттасқанда, өзіне сенсе, бірақ ақыл айласы олқы соқса, онда ең әуелі ол әділ билік айтатын қазыны іздегені жөн, сол қазы кішіпейіл және білгіш, ешкімге тартпайтын, пара алмайтын болса, даугер мен екі арасында дұрыс кесім жасалады; үшіншісі – егер біреу дегдар адамды қонаққа шақырса, онда беретін тамағын тағы басқа керек-жарағын алдын-ала дайындауға тиіс, сонда ол қонақ келіп қалған мезгілде әуреге түсіп асықпайды, үй ішін де әлекке түсірмейді.

Күнә мен тәубе жөнінде толғана алмайтын төрт-ақ адам, соның бірі – өлім айзында жатқан ауру, екіншісі – қожайынынан қорқатын құл; үшіншісі – жаумен бетпе-бет тұрған жан; төртіншісі – жазықсыз жәбірленген, қарғысқа ұшыраған, өзінен мықтыға басын имейтін сотқар адам.

Төрт адамда рақым жоқ, соның бірі – жазаланып денесіне түгел жара түскен жан; екіншісі – өзін үздік бағалайтын сұмырай; үшіншісі – ұрлыққа үйренген адам; төртіншісі – жылдам ашуланатын, біреудің өтінішін шабан қабылдайтын жан.

Төрт нәрсеге сенбеу қажет, соның бірі – шағатын әбжылан; екіншісі – қауіпті жыртқыш аң; үшіншісі – жауыз күнәһар; төртіншісі – өлім аузындағы тән.

Әміршіні, сопыны, пасық сиқыршыны, ішмерез және тойымсыз жанды, міне осы төртеуін келекелеп күлуге болмайды.

Күн мен түн, сопы мен дінсіз, жарық пен қараңғы, жақсылық пен жаманшылық, міне осы төртеуі бірі мен бірі достаса алмайды.

Қарақшыға, өтірікшіге, екі жүзді адамға, пейілі арам зорлықшыға, міне осы төртеуіне сенбеу мақұл.

Жалғанда қайғырып, жоқтауға тұрмайтын төрт-ақ жол бар; соның бірі – үйлесе алмай күйеуіне күнде қарсы келетін әйел; екіншісі – өзінің жасауын ала қашатын, жеңіл мінезді және әулекі зұлым әйел; үшіншісі – ар-намысынан жұрдай болып, адасқан әйел; төртіншісі – еріне көнбейтін, мінезі қатал, айтқан тілді алмайтын әйел.

Теріс қылық жасайтындар төртеу, соның бірі – оқыс сөйлейтін, үнемі өтірік айтатын адам; екіншісі - өзінен жоғары кісіге қызмет еткенде, майданға шыққанда, қарапайым жұмыс істегенде шабан қимылдап, тамақты жылдам ішетін жан; үшіншісі – күнәға батпай тұрып, өз ашуын өлшей алмайтын адам; төртіншісі-күрделі іске қадам басып, сонысын аяқтамай тастай салатын патша.

Қағида мен әдетке лайықты қызмет істейтіндер де төртеу-ақ, соның бірі – тамақты дәл мерзімінде даярлап әкеліп, дер кезінде мырзасының алдына тартатын адам; екіншісі – бөгде әйелдерге көзін салмайтын, еншісіне тиген бір әйелді ғана қанағат ететін жан; үшіншісі – келелі істі бастарда, білімді, білікті адамдармен ақылдасатын патша; төртіншісі - өз ашуына ие бола алатын адам.

Қорықпайтыннан қорқатындар да төртеу-ақ, соның бірі – шынашақтай торғай ағаштың басына отырып, аспан жерге құлап кетер деп қорқып, бір аяғын жоғары көтереді екен. Сонда: - егерде аспан жерге құлардай болса, аяғыммен тіреп тоқтататайын дейді екен. Екіншісі – егер екі аяғын бірдей басса, жер ойылып кете ме деп қорқып, бір аяғын үнемі көтеріп жүретін тырна; үшіншісі – жерден құм теріп жейтін құрт, ол өмірі тоя жемейді, өйткені жердің құмын таусып алып, аштан өлем деген қорқыныш билейді, үнемі қайғырып қамығуда болады. Төртіншісі – жарғанат, бұл да тектен-текке қорқады, өйткені өзінше құстың ішіндегі ең әдемісін деп ұғады, сондықтан біреу-міреу ұстап алар деп қорқып, күндіз ұшпайды.

Иесіз тастамауға серт берерлік төрт-ақ нәрсе бар, соның бірі – мырзасының тақымына басқан, жанына балайтын жүйрік аты; екіншісі – жер жыртқанда жегетін өгізі; үшіншісі – күйеуін жанына балап жақсы көретін-адал да ақылды әйел; төртіншісі – мұқияттап қызметті әділ істейтін, шын сөйлейтін, мырзасынан қорқатын құл.

* * * * *

Өзі әдепті, нәсілі дегдар әйел; өзі ақылды, мінезі майда, ойы терең және мейірбан, асыл тастай кіршіксіз таза, жүрегі адал әйел; мінсіз қылығы бар әйел;  тағдырдың өзі жарылқаған жан; ерінің тілін алатын, ырзалығын әйгілеп оған жағып отыратын әйел – міне, осындай бес түрлі сипаты бар әйелді жоқтап, уайымдауға болады.

Ақшаны өз жанынан артық көретін бес-ақ адам, соның бірі – жүлде алу үшін майданға шығатын, арпалысқа кіргенде бәйге алудан өзге ойы болмайтын жан; екіншісі – қолы кесілсе де, өлім жазасы төніп тұрса да, соған қарамастан құлыпты бұзып үйге түсетін, жол тосып жолаушыны тонайтын ұры; үшіншісі – байлық іздеп дүниені кезетін саудагер; төртіншісі – тұтқынның күн санап көбеюін көксейтін, солардан олжа тауып күнелтетін абақты күзетшісі; бесіншісі – парақор қазы.

Мейірімсіз жан бесеу-ақ, соның бірі – тілі удай, ызақор патша; екіншісі – ақшаға жалданып өлікті арқалаған адам; үшіншісі – біреуді бас салып тонап алу үшін іңір қараңғысын күткен ұры; төртіншісі – жұртты түзу жолдан тайдырып, арамдыққа беттететін азғырушы әзәзіл; бесіншісі – өзінде жоқты алуға үнемі есі кетіп тұратын, сол тілегіне жету үшін не өзін, не біреуді мерт қылмай тынбайтын содырлы сотқар.

* * * * * *

Әкімшілікті бүлдіретін алты нәрсе бар: соның бірі – ажырасу, екіншісі – бүлік, үшіншісі – құмарлық, төртіншісі - өрескелдік, бесіншісі – тағдыр, алтыншысы – қызбалық. Ажырасу дегенім мыналар: патша қажырлы, ақылды және сенімді көмекшілерінен, ақылгөйлерінен, әкімдерінен ажырады. Бүлік – кездескен дау-шарға, ұрыс-керіске, жұрттың басын шатастыру; құмарлық дегенім - әйелдерді аңсау, әңгімешілдік, маскүнемдік тағы осы сияқтылар. Өрескелдік – орынсыз күйіп-пісу, балағаттауға асығу, керексіз жерге жұдырық жұмсауға ұмтылу. Тағдыр дегенім – адамның басына түсетін ауыртпалық – оба, су тасқыны, бедеулік, тағы басқа сол сияқтылар. Қызбалық дегенім – жуастың орнына қатал болу немесе қатал болудың орнына жуастық істеу.

Ұйықтай алмайтын да алтау-ақ, соның бірі – талай жанды жазықсыз өлтірген қанды қол адам; екіншісі – сақтайтын сенімді кісісі жоқ, зор байлықтың иесі; үшіншісі – өзі көксеп жүрген дүние-мүлікке ие болу үшін өтірік жала жауып, біреуді орнынан тайдырған адам; төртіншісі – өзіне ауадай қажет ақшаны еріксіз беруге мәжбүр болған жан; бесіншісі – азып-тозып бұзылған әйел; алтыншысы – сүйген досынан ажырасу қаупі төнген адам.

* * * * * * *

Жеті түрлі адамның қылығынан жұртқа зиян келеді, соның бірі – шариғатқа жетік және тақуа, бірақ өзі туралы аңыз тарап әйгілі болуынан сескеніп, сол білгенін ешкімге паш етпейтін адам; екіншісі – тартқан сыйының қадірін білмейтін өтірікшіге жақсылық көрсететін патша; үшіншісі – құлдарына әділдігі жоқ, қатал да мейірімсіз мырза; төртіншісі – бұзақы тентек баласына жақсылық істейтін, жауыз қылығын көргенде зекіп тастаудың орнына кешіре беретін ана; бесіншісі – алдамшы опасызды адал деп сенетін адам; алтыншысы – өзінің досын мінеуге асығатын жан; жетіншісі – Құдайды да, оны сүйетін кісілерді де сыйламайтын адам.

Мынадай жеті нәрсені ешкім тілемесе керек, мысалы, жастық пен көркемдіктен айыратын кәрілікті ешкім тілемейді; тамырдағы қанды тоқтатып, тәнді жүдететені ауруды кім тілесін; данышпандардың біліміне кесірін тигізетін, оның байсалды-байыпты дұрыс билік шығаруына зақым келтіретін ашуда да ешкі тілемейді; ақыл-сананы азайтатын, денсаулықты бұзатын іске ұмтылуды да ешбір жан көксемейді; зияны тиетін суықты да тілемейді; бар денені жабырқататын аштық пен шөліркеуді де аңсайтын адам болмаса керек; адамзаттың тұқымын құртатын ажалды да ешкім тілемесе керек.

Үнемі ашулана беретін жеті адам; соның бірі – асығыс қимылдайтын, сіркесі су көтермейтін билікші; екіншісі – алды-артын байыптай алмайтын, мешеу қимылдайтын билікші; үшіншісі – ізгілікке ұмтылмайтын ақылды жан; төртіншісі – ізгілікті іздейтін жарымес; бесіншісі – пара алуды сүйетін қазы; алтыншысы – біреудің дүниесіне мырза, бірақ өзінікін қызғыштай қоритын сараң адам; жетіншісі – осы сұм дүниеде алғыс алуды көксейтін жүлдеге құмар алаңғасар жан.

* * * * * * * *

Өзін де, өзгені де алдайтын сегіз кісі, соның бірі – жұртқа көп нәрсені үйреткісі келетін, бірақ өз ақылы шағын адам; екіншісі – салмақты да ақылды, бірақ ол ақылын халыққа үйретпейтін тымырсық жан; үшіншісі – өзі иеленуге тиіс емес, қолы жетпейтінді көксеген адам; төртіншісі – шеннен шыққан тәкаппар, пасық, дінсіз, жаны ашитын ақылды достарымен кеңесудің орнына өзі білермендікке салынатын жан; бесіншісі – өзінде ақыл жоқ, алды-артын бағу бойына бітпеген, сонда да игі жақсылар мен билікшіні жағалауға тырысатын адам; алтыншысы – өзінен анағұрлым білімдіні тойтарып бет қаратпайтын, оның сілтеген бағытын қабылдамайтын адам; жетіншісі – жүрегіндегі махаббатын сарқа білдіріп, адал қарым-қатынас жасамай тұрып, патшаларға жалбаңдап қыбын табуға ұмтылатын жан; сегізінші – үнемі өтірік айтатын, пасық мінезді көкмылжың, үйретуші ұстазынан үлгілі тәрбие алуға тырыспайтын үй басқарушысы мен қазынашысы бар патша.

Алдау сегіз түрлі болады, әділеті жоқ патшаның әкімдігі алдамшы; біліміне сай қылық жасамайтын ойшылдық сөзі алдамшы; күн мен айды бөліп тастап, жұлдыздарды санап шыққан есепшінің есебі алдамшы; қараңғы түндегі ұрлық алдамшы; таласып отырып айтқан әйелдің сөзі алдамшы; әділдік туралы баяндай тұрып өзі ұстанбайтыны дәлелденіп тұрғанның сөзі алдамшы; жол күзеткен аңшылардың түсі алдамшы.

Сегіз адаммен істес болмау мақұл, соның бірі – орынсыз өрескел ақыл беруші; екіншісі – ешбір іске тұрағы жоқ адам; үшіншісі – өзін үнемі жоғары санайтын өркөкірек жан; төртіншісі – өз пікірін ғана дәлелдегісі келетін өтірікші; бесіншісі – өзінен ақшаны артық бағалайтын сараң; алтыншысы – өз әліне қарамай ауыр жұмысқа кірісетін әлсіз жан; жетіншісі – міні көзге көрініп тұратын оспадар адам; сегізіншісі – өз туысымен үнемі таласып жүретін жан.

* * * * * * * * * *

Адам он түрлі жағдайда танылады; әскери істі жетік білетін шебер жанды соғыс үстіндегі әдіс-айласы танытады; бөгде біреумен қарым-қатынас жасап, соған көрсеткен биязылығы арқылы қожасы құлын таниды; патша өзінің мінезін, білімін, ақылын ашуы арқылы танытады; көпес өзінің ізгі қылығын сыбайластарына көрсеткен әділдігі арқылы танытады; ал оның сертті сөзіне беріктігін несиелі қарызын мезгілінде төлеу арқылы жұрт түсінеді; туған-туыс бірін-бірі жаппай жәбірлеген кезде, соны ортақтаса көтеру арқылы таниды; ақылды жанның саналы тапқырлығы ауыр пәлеге кезіккенде ғана байқалады; дарқан адамды қайырымдылығы, ізгілігі, кешірімділігі арқылы біледі; құлқынын көздеп, күн көргіш тамақ іздеп, қылмысқа бармауы арқылы кедей де өзін-өзі танытады.

Категория: Мои файлы | Добавил: erkin_64
Просмотров: 1305 | Загрузок: 0 | Комментарии: 4 | Рейтинг: 5.0/3 |
Всего комментариев: 1
1  
Орысша жазылған пікірлер ой салғанымен, қазақша ештеңе жазылмағаны ойландырады екен. Сірә, қазақы оқырмандар бұл мәтінді мен алған жерден алып, оқып жүрген шығар. Себебі, қазақтар тым талғамсыз, талғаусыз емес еді ғой, мынадай жақсы дүниелерді оқымайтындай?!

Добавлять комментарии могут только зарегистрированные пользователи.
[ Регистрация | Вход ]
Приветствую Вас Гость

Поиск
Друзья сайта
Статистика

Онлайн всего: 1
Гостей: 1
Пользователей: 0

Copyright MyCorp © 2016
Сделать бесплатный сайт с uCoz