Бес бәйіт (панчатантра) - І бөлім - Мои файлы - Каталог файлов - Дуйсенбаев Еркин САЙТЫ

Дуйсенбаев Еркин САЙТЫ

Меню сайта
Категории каталога
Мои файлы [124]
Наш опрос
Сайтымды калай багалайсыз?
Барлық жауап: 3910
Главная » Файлы » Мои файлы

Бес бәйіт (панчатантра) - І бөлім
[ ] 05.09.2008, 12:31

Бес бәйіт (Панчатантра)

І бөлім

* * *

Оқымысты, өткір ойлы адам, шынды өтірікке, өтірікті шынға айналдыра алады, сонда оның ісі шебер суретшінің қабырғаға салған суретіне ұқсайды, сол суреттегі бейне сенің көзіңе әлгі қабырғадан шығып келе жатқан тәрізді болып көрінеді, басқа біреулерге ол сурет қабырғаға кіріп бара жатқан секілденеді, ал шынында, бұлар шығып та, кіріп те бара жатқан жоқ қой.

* * *

Парасатты патшалар айыбын әйгілемей, жазасын жарияламайды, айыбына қарай – жазасы, құпия іске – жасырын жаза, әйгілі іске – ашық жаза.

Егер патша біреуді дәлелсіз, күмәнмен ғана жазаласа, не зәбір көрсетсе, онда ол өзін жазалайды, өзін зәбірлейді.

* * *

Ақыл айтқанда жанашыр адамнан, ауруды емдеу жөнінде дәрігерден, күдікті мәселелер жөнінде заң мамандарынан жеңілдік дәметкен жан пайдалы шешімге жете алмайды, қайта қиындыққа ұшырайды. Теңіздің тұңғиық тереңіне бойлаған жан қатерге кезігеді, ал әкімнің досы бұдан гөрі де қауіпті жағдайда болады, өйткені әлгі әкімге ол қаншалық әділдік, сүйіспеншілік, адал ниет көрсеткенімен, түбі бір сүрінбей қоймайды, одан еңсесін қайта көтеріп, оңалып кете алмайды, тіпті көтерілген күнде де алысқа бармайды.

* * *

Игілікті іспен ұштаспаса лепірме сөзден жақсылық жоқ. Тәжірибесіз зерттеуден, мырзалығы жоқ байдан, опасыз достан, жалған тақуадан, шын пейілмен бермеген садақадан, денсаулығы, тыныштығы мен қуанышы жоқ өмірден де ешбір жақсылық жоқ. Ауруды төңірегіне қатарлап жинаған дәрі-дәрмек емес, дәріні орнымен беретін дәрігер ғана айықтыруы мүмкін.

* * *

Патшалардың көркі мен сәні олардың мырзалығы мен қайырымдылығында. Опасыздық арқылы жақын туыс іздеу, екіжүзділікпен табысқа жету, әйел махаббатын өршіту үшін қаталдықты қолдану, өзіне зиян істеу арқылы пайда табуға тырысу, даналыққа және жетілуге еңбектенбей жетуге тырысу – ақымақтық.

* * *

Баяғыда бір аш түлкі төбенің басына шықса, сондағы ағаштың түбінде барабан жатыр екен. Жел тұрса ағаштың бұтартары барабанға соғылып дабыл көтереді. Түлкі осы дабылды естіп сол барабанның қасына барыпты. Барабанның қалыңдығын көріп, ол: «Мына қалың дүниенің іші толған ет пен май болу керек», - деп барабанды бұзыпты. Ақыры барабанның құр қуыс екенін көріп ол: «Е., түйсігі аздардың денесі қауқиған зор, даусы жуан келеді деген рас екен ғой», -депті.

* * *

Баяғыда, бір қарасуды үлкен үш балық мекендепті деседі, ол қарасу иен далада, елсіз байтақ жерде екен. Бірде екі балықшы осы қарасуды жанап өтеді де өзара келіседі, екінші рет осында қайта оралып, ау ала келіп әлгі өздері көрген үш балықты ұстамақшы болады. Сонда үш балықтың ең ақылды біреуі қорқып мазасызданады. Ол алдын ала сақтық жасап, қарасудан шығатын жылғамен жүзіп отырып, өзенге жетеді де басқа жерге барып орналасады. Екіншісінің ақылы одан гөрі кемдеу еді, ол балықшылар келгенше сақтық істеп үлгере алмайды. Ол: «Мен мезгілін өткізіп алдым, міне, ақыры енді өзіме сор болды», -дейді. Балықшыларды көріп, олардың ниетін таниды, оның үстіне шығар жердің бөгелгенін аңғарады да: «Мен қателестім, ал енді басымды қорғау үшін не істеу керек? Асығып-сасудан енді келер пайда жоқ. Бірақ әлі де болса күдер үзбейін, амал-айла іздеп көрейін», -деп ойлайды. Осыдан кейін ол өлген балық болып, қарнын жоғары қаратып, судың бетінде қалықтайды да қалады. Балықшылар оны шығарып алып, өліп қалған екен деп ұғып, осы қарасудан шығатын жылғаның ернеуіне апарып қояды. Бір кезде ол жылғаға шоршып түсіп, аман құтылып кетеді. Жарымес балық сасқалақтап ары-бері жорытып жүргенде, оны балықшылар ұстап алады.

* * *

Баяғыда бір атақты бай адамның төсегіне бит түспіті деседі. Ұйықтап жатқанда байдың қанын сорып, қимылын білдірмей денесінде ептеп жорғалап жүреді екен. Бір күні түнде әлгі бай адамның төсегіндегі битке бүрге келіп қонақтапты, ол қатты шаққандықтан бай оянып кетіпті де, төсекті ақтарыпты. Сонда бүрге секіріп қашып құтылыпты да, битті табан аузында ұстап алып өлтіріпті.

* * *

Кейде әдемі ағаштың бүлінуіне өзінің жемісі себеп болады. Өйткені қалың жемісті ауырлап бұтақтары иіледі, сонда оны жұлмалап жұрт сындырып құртады. Тауыс деген құстың құлпырған көркі, салтанатты сәні құйрығында, бірақ пәлеге де сол душар етеді. Мысалы кейде ол жоғары ұшып, аңдыған жауынан құтылайын десе, әлгі құйрығы кедергі жасай береді. Кейде жүйрік аттың өз бойындағы қасиеті өзінің түбіне жетеді: оны мініп алып қашағанды қууға пайдаланады, күшін кемітеді, сөйтіп діңкесін құртады. Ақылы мол зиялы адам өзінің жақсылық қасиеттерінен жапа шегеді, іші тар жауыздар оны көре алмайды. Жақсы адамдардан жауыздар анағұрлым көп, олар зиялылар жөнінде жабыла өсек таратып, ақыры көзін құртып тындырады.

Бұл тағдыр қусынған сұмды ақылынан ажыратып, әлсізді саналы етеді, күштінің бетін бөгеп, ынжыққа қайрат береді. Жарлыны байытып, байды кедей ететін де тағдыр! Егер тағдырдың бұйрығымен біреудің басына іс түссе, оның немес бітуі де әуелден белгілі.

 

Құмыраның мойнына кептеліп қалған бал арасы хош иістің дәмін сезіп, ләззатына құмартыпты, құмыраның аузына жағылған аз ғана балды місе тұтпай, ішіне түскісі келіпті. Одан қалай шығарын ойламапты, құмыраның ішіне түскен ол балды бойына малып, ісініпті де, құмыраның аузына сыймай қысылып өліпті. Кміде-кім бұл дүниедегі еншісіне тиген несібесін місе тұтпай, көл-көсір молшылыққа, ен байлыққа ұмтылса, төніп тұрған қауіпті елемесе, сол адам мына араның кейпін киеді.

* * *

Егер патшаның жұртқа дәйім істейтіні  қиянат, жауыздық, өрескел істер болса, оларды жақсылыққа, әділ ниетке бағыттаған жөн. Ал егер төңірегі оның бұл ісіне ескерусіз селқос қараса, онда патшалықтың пәлеге ұшырауы хақ, бұлай болған күнде патша есуастықтың бойкүйез ауруына тап болады, бұқарасын өзінен гөрі ақымаққа санайды да, қорашсынатын болады. Өз отанын сүйетін, оны тастап ешқайда кеткісі келмейтін кісінің халыққа жауыздық көрсетіп, зорлық-зомбылық істейтін патшасын бетімен қоя беруге ұжданы да, ақылы да рұқсат етпеуі тиіс. Патшаның теріс әрекетімен күресерлік тілден мықты қару жоқ. Патшаның ессізі халықтың өзіне қарсылығын, арамза пиғылын ұнатпайтынын сезіп қойса, қарсы келгендерді апатқа ұшыратады. Қандай әдемі орында, тату-тәтті өмір сүргенімен ит пен арыстанның, жылан мен бұқаның қоңсы қонуы осалдар үшін қауіпті. Қырсықты нәрседен қашып, сүйкімдіге құмарта ұмтылу үшін әркім-ақ басына келген зауалды, бақытсыздықты ебін тауып болдырмау үшін көбірек ойлануы керек.

* * *

Патшаның әкімшілігі астам болса, дұшпандардың ақылы патшалардан басым жатады, олар өздерінің білімі арқасында, патшаға мұқтаж емес, ал қаншама бай болғанымен, дұшпандарды патшалар баса-көктеп өте алмайды. Ақыл мен ұяттың біреуі жоғалса, екіншісі де табылмайды. Бұлар адам арасында ұшырасатын қиыспас екі дос тәрізді; екеуі бір-бірінен ажырай қалса, өмір бойы көңілі қобалжып, сағынысып өтеді. Кімде-кім ғалымдар мен даналарды қадірлемесе, олардың басым екенін мойындап құрметтей белмесе, лайықсыз жағдайлардан құтқарып, қорлыққа душарласқан кезінде қорғамаса, міне, ондай жан да ақылсыздар қатарында.

 

Толып жатқан хайуандар мен дүниеге сыйып жүрген басқа да заттардың бәрінен адамды айырып тұратын төрт-ақ қасиет бар: соның бірі – даналық, екіншісі – ұстамдылық, үшіншісі – ақыл, төртіншісі - әділдік. Ғалымдық, оқымыстылық, ойлап сөйлеушілік – бұлар даналыққа жатады. Ұялшақтық, игі ниеттілік, өзін тежеп ұстау және өз басын қадір тұту – бұлар ұстамдылыққа жатады. Бұл қасиеттер жақсылықтың нысанасы, ал бұған қарама-қарсы қасиет болса, ол – жамандыққа тән. Осы қасиет түгел бір адамның басында болса, ол адам бұл дүниеде жамандық көрмейді, жоқтыққа ұшырамайды. Бұл табыстары оны рақатқа жеткізбеген сәтте де, ол уайымдамайды, ал қолда барынан кейде зиян келсе, күйінбейді. Даналық – бұл таусылмас қазына, қанша жұмсасаң да ортаймайды, жоқшылық кесірін тигізе алмайтын қор да осы. Даналық өмір бойы тозбайтын сапалы киім, ұзақ өмірде ләззаты сарқылмайтын рақат.

* * *

Данышпандар айткан екен: «Үн қатпауға тырыс, ол сенің қорғаушың, бос сөзге салынба, арты өкінішпен тынады», - деген екен.Бұрынғы заманда бір патша төрт данышпанды шақырып алыпты да: «Әркім бір-бірден нақыл айтсын, олар өнегелі тәрбиенің негізі болсын», - депті. Сонда біріншісі: «Данышпан тіршілігіне ең лайықты қылық – үндемеу», - депті. Екіншісі тұрып: «Ең пайдалы іс- өз ақылыңның шама-шарқын аңғармай тұрып, сөзге кіріспеу», - дегенді айтыпты. Үшіншісі: «Адам үшін ең пайдалы іс – алды-артын ойламай тұрып сөйлемеу», - депті. Төртіншісі: «Адамға ең жайлы нәрсе – тағдырға көндігу», - депті.

* * *

Қытай, Үндістан, Парсы және Рум елдерінің патшалары бас қосыпты. Сонда әрқайсысымыз мәңгі сақталатын, бір-бір ауыз сөз айталық,- десіпті.

Қытай патшасы отырып: - Мен айтқанымнан гөрі айтпағанымды кері қайтарып алуға еріктімін, - депті.

Үндістан патшасы: - Мен мынаған таңданамын: біреу бір сөз айтса, ол сөзі сол үшін айтылған күнде де оған пайдасы тимейді, ал оған қарсы айтылса, апатқа ұшыратады, - депті.

Парсы патшасы:

-Мен бір сөз айтсам, - ол өзімді билейді, ал оны айтпасам, оған мен қожамын, - депті.

Рум патшасы: - Мен ешуақытта айтпағаныма қынжылған емеспін, бірақ көбінесе айтқаныма өкіндім, - депті. Патшаның үндемегені, пайдасы тимейтін бос сөзден анағұрлым артық. Адам көбінесе тілінен табады.

* * *

Адамның ақылы сегіз түрлі қасиетімен әйгіленеді. Соның біріншісі- биязы, әрі әдепті болу. Екіншісі- өз жүрегін жете танып, соны қадір тұту. Үшіншісі – патшаға бағына тұрып, оны ақылына мойынсындыру. Төртіншісі- өз сырын берік сақтап, оны шын досына ғана көзін тауып айта білу. Бесіншісі – әрі әдепті, әрі байыпты болу, сыпайыгершілік сақтай сөйлеу. Алтыншысы - өз сырын да, өзгенің сырын да сақтай білу. Жетіншісі- аузына ие болу, саралап ой тезінен өткізбей сөйлемеу. Сегізіншісі – жиын топтың алдында өзінен арнап сұраса ғана жауап беру, өзінің анық білетін заты жөнінде ғана сөйлеу, өкінерлік әңгімені айтпау. Осы қасиеттердің бәрі бір адамның басында болса, ол тілеген игілігіне жетеді де, үнемі рақатқа батады, пәле- жаладан, залал шегуден сақтанады.

* * *

Бір саудагердің жиған-терген асыл тастары көп екен. Соның бәрін тестіру үшін ол бір адамды жалдапты, ақысына жүз динар бермекші болып келісіпті. Жалданған адам саудагердің үйіне кіріп, іске кірісе бергенде, бұрышта бір арфа тұр екен. Сонда саудагер: «Сен арфада ойнай білесің бе?», - деп сұрапты. Ол «менің өнерім жай білуден гөрі әлдеқайда басым», - деп жауап беріпті. Саудагер: «Олай болса қолыңа алшы арфаны!» – депті. Арфаны қолына ұстағанда-ақ оның шебер ойнайтыны әйгіленіпті. Сонымен ол кешке дейін әнге басыпты, нәзік әсерлі неше алуан дыбысты саумалап шертіп, саудагерді рахатқа бөлепті, ал әлгі асыл тастар салынған жәшіктің қақпағы ашылған күйі ескерусіз қалыпты. Кешқұрым ол саудагерге қарап:

- Еңбегімнің ақысын төлеңіз, - дегенде саудагер:

- Сен ақы аларлықтай еш нәрсе істеген жоқсың ғой, - депті саудагер. Сонда ол:

- Мен сенің бұйрығыңды орындадаым ғой, - депті. Саудагер сөзден жеңіліпті, жүз динарды босқа төлепті, ал асыл тастар бәз баяғы қалпында тесілусіз қалыпты.

* * *

Осы өмірде азаппен ауысып кезектеспейтін ләззат, не рақат жоқ екені және ол үнемі уайыммен бітеді. Бұл дүние – ащы су тәрізді: оны ішкен адам тек аңқасы кеуіп шөлдей береді. Ол иттің көзіне түскен қу сүйек тәрізді, иісін сезеді де, ит сүйекті ет іздеп кеміреді, бірақ іздеген еңбегі еш болады, түк нәтиже шықпайды, сүйекке жырғызып құр босқа аузын қанға бояйды. Ол бір жапырақ ет тістеген құс тәрізді, аузындағы етін көріп оны басқа құстар талайды, талапайға түсіп ақырында әбден болдырады, ол өз басын қорғау үшін етін тастап қашып құтылады. Ол түбінде уы бар бал құйған құмыра тәрізді. Жеген адам алғашында рақатқа батады да, ал түбіне жеткенде у ішіп, ажалға килігеді. Ол ұйқыда жатқан кісінің түсінде көрген қуанышы тәрізді, оянып кетсе түк те жоқ. Ол жарқ ете түсіп заматта сөнген найзағай тәрізді, лезде жоқ болады да, әлгі онан қорыққандар баяғы қараңғылыққа бөленіп қала береді. Ол жібек құрты тәрізді: оранған сайын жібек қорғаны қалыңдаған сайын, шығуы қиындай береді.

* * *

Бір адам қорыққанда қорғану үшін бір құздың ернеуіне келіп паналапты, құздың жиегіндегі бұтаны қармалап түсе бастапты да, аяғын бір тастың ұшына қойып тұрыпты. Жалтақтай қарап, алдындағы бір іннен төрт жыланның басы шығып тұрғанын көріпті. Төмендегі құздың түбіне үңілсе, бір аждаһа оған қарай аузын ашып, айбат шегіп тұр екен. Жоғары қараса екі тышқан біреуі ақ, біреуі қара, әлгі өзі ұстап тұрған бұтаның тамырын үдере кеміріп жатыр екен. Құтылудың амалын таппай, осылайша дал болып тұрған заматта ол өзіне жуық жерден аздаған балы бар араның ұясын көріпті де, сол балдың дәмін татуға ынтығыпты. Балға көңілі ауып, осы арада сақтануды сүлде ұмытып кетіпті. Бұтаның тамырын кеміріп жатқан тышқандар есінен шығыпты, ао егер бұтаның тамырын олар қырқып жіберсе, аждаһаның аузына түсетінін де ойламапты, осылай көңілі басқаға алаң болып тұрғанда апатқа ұшырапты.

Осы алдамшы зұлым, қауіп-қатерге толы өмірді әлгі құзға баласа болады. Төрт жылан адам шырмауына түскен төрт қосынды, егер осылардың біреуі өздігінен қоза жөнелсе, онда ашынған зымиян немесе зәрлі у тәрізді болады. Екі тышқан – күн мен түн, ал олардың бұта тамырын опыра кеміруі күн мен түннің жедел ауысып тұруы, күнелтудің, өмір тиянағының қысқаруы. Ал аждаһа ешбір қашып құтыла алмайтын ажалдың өзі.

Бал дегені – құлағымен естіп, қолымен ұстап, иісін біліп, дәмін татуға адамның үнемі ынтыға көксей беретін болмашы тәттілігі, осы тәттілік оны еліктіріп өз міндетін ұмыттырады, бетін басқа жаққа аударып жібереді, бұл жалғанның да, ақыреттің де қамын ойлаудан қожыратады. Осының бәрін көргеннен кейін адам өз жағдайын қанағат еткені, шамасы келгенше әділдікті ұстанғаны, өзін-өзі билеуге жететіндей, өзін дұрыс жөнге саларлық күш-қуат табуға ұмтылғаны дұрыс.

* * *

Білген адам өзінен бастағаны жөн, алдымен білімін өз пайдасына жұмсасын. Білім тапқандағы оның мақсаты басқаға көмектесу үшін ғана емес қой. Олай етсе өзі бір бұлақ секілді болар еді, өйткені оның суын ел ішеді де, өзіне одан тиер пайда жоқ, немесе істеген өнерінен өзі пайдаланбайтын жібек құртына ұқсар еді. Білімді іздеген кісі алдымен өз басының қамын күйттеуге тиісті, сонан соң барып білімін басқаларға үйретуге болады, өйткені бұл дүниенің адамына бөгде біреуден ауыспайтын да қасиеттер бар. Мысалы, өз бойында мінің бар болса, басқаны кінәлау жарамайды. Олай етсе өзі соқырдың басқа соқырды сөккеніндей болар еді. Кімде-кім бір нәрсеге талаптанса оның іздеген мақсаты, көздеген нысанасы болсын, соған жеткенше тырыссын да, жеткеннен кейін қанағат тұтып, әрі аспай тоқтай білсін! Бұрынғылар айтқан екен: «Мақсатсыз ілгері аттанған жанның сілесі жылдам қатады, сезімі сарқылады. Өзінен бұрын ешкім жетпеген шегі жоқ дүниені орынсыз іздеп өзін-өзі қажытудың қажеті болмаса керек. Ол туралы уайым жеудің де, бұл дүниені ол дүниеден артық санаудың да керегі жоқ тәрізді. Кімде-кімнің жүрегі алып-ұшып әр іске талаптанбаса, қолы жетпеген күнде де оның күйініші аз болады», - деген екен. Солар тағы бір жерде айтыпты: «Кімге болса да жарасатын екі жақсы қылық бар, олардың бірі – тақуалық, екіншісі – байлық; ал енді ешкімге ұнамайтын екі жаман нәрсе бар, олардың бірі – бөтен кісіні өз әкімшілігіне ортақтастырған патша, ал екіншісі – қойнындағы әйелін бөгде біреумен бөліске салған еркек».

Алдыңғы екеуі от тәрізді, үстіне тастаған отынды түгел өртей береді; соңғы екі қасиеттің біреуі от, біреуі су тәрізді; өйткені бұл екеуінің басы бір жерге қосылып, өмірі отаспайды.

* * *

Жаратушы өзі жаратқан қай нәрсені болсын оған лайықтап, өзі жетіп жығылатын белгілі бір шек қойыпты деседі. Егер біреу-міреу осы арнаулы шектен асып кетпек болса, оны жазмыштан оза алмаудың сергелдеңі келіп соғады. Кімде-кім о дүниенің де, бұ дүниенің де қамын қатар ойласа, онда бұл адамның өмірі екі ұшты болады, бірде өзін жақтаса, ал екіншіде оған қарсы шығады, - деседі. Бұл дүниедегі адам үш нәрсенің қамын жеп, соған бар ниетімен тырысу керек екен, солардың бірі – күнелтудің жағдайы, екіншісі – бөгде адамдар мен өзінің арасындағы қатынасты әдемілеп құра білу, үшіншісі - өзі туралы кейінгі үрім-бұтаққа жақсы үлгі қалдыру деседі. Еңбегі еш болып, өмір бойы ісі оңға баспайтын қасиеттер да бар, солардың бірі – жігерсіз тоғышарлық, екіншісі – мешеулік, үшіншісі – естігеннің бәріне бірдей сене берушілік екен. Өйткені өзі шала шарпы түсінген бірдемені хабарлаушылар өте көп болады, бірақ олар мәселені негізінен жете ұқпайды.

 

Бір балықшы суды кешіп балық аулап жүріп қабыршақты көріп, оны бір зор бағалы нәрсеге балады. Сонымен ауын суға салып еді, оған балық ілінді, бірақ балықты ол босатып қоя берді, қабыршақты ұстап алмақ болып суға өзі түсіп кетті. Әлгі қабыршақты судан алып шыққанда, өзінің ойлағанындай емес, құр қуыс екенін білді. Сонда ол қолына түскен балықтан айрылып қалғанына қатты өкінді. Келесі күні ауын басқа жерге апарып салды, ауына ұсақ балықтар түссе де қоймай суырып ала берді. Осы жерде асыл қабыршақты көрді, бірақ оған енді бұрылып та қарамады, бос қуыс болар деп көңіл аудармады. Дәл осы кезеңде өтіп бара жатқан басқа бір балықшы әлгі қабыршақты қолына алып қараса, іші толған қымбат бағалы інжу екен. Сонда бірінші балықшы осынша асыл қабыршаққа көңіл бөлмегені үшін қатты уайымдап, өлгенше өкінді. Ойлануға мойны жар бермейтін кем ақылдылардың да ісі осы тәрізді болады.

* * *

Баяғыда бір бай саудагер болыпты, оның бірнеше ұлы бар екен. Олар өсіп ер жеткен соң әкесінің жиған-терген дүние мүлкін орынсыз шашады, өздері әрекеттеніп табыс табуға ұмтылмайды. Мұндай жөнсіздікке назаланған әке балаларына кейіп, мынадай ақыл айтады: «Балаларым! Бұл дүниеде әр адам үш нәрсеге ынтық болады, ыл оған жету үшін ол тағы да төрт шартты орындауға тиіс. Сол ынтықтырушы үш нәрсенің бірі – емін-еркін өмір сүру; екіншісі – жұрттың құрметіне бөлену; үшіншісі – келешекке пайдасы тиетін игі еңбектің жемісін молықтыру. Осы үш нәрсеге жету үшін қосымша төрт шартты орындау керек, соның бірі – дүние-мүлікті адалдан жинау; екіншісі – қолда бар дәулетті ұқыптап ұстап, жақсы күту; үшіншісі – жиған-тергенді күнделікті керекке, үй-ішінің, тыған-туысқанның қажетіне жарату; мұның пайдасы оған ақиретте тиеді. Ал төртіншісі – қолдан келгенше пәле-жаладан сақ болу. Кімде-кім осы төрт шартты толық орындамаса, мақсатына жете алмайды. Дүние жинап, оған ие бола алмаған адамның өзі де өмірдің рахатын сезінбейді, өзгеге де себі тимейді. Байлыққа ие болған адам оны ұқыптып ұстамаса дәулеті жылдам сарқылады. Егер ақшаны көбейтуге әрекеттенбей, аз-аздан ақ жұмсай берсе, тірнектеп жинаған қаржы тез сарқылады. Егер кісі шалқып байыған соң «шық бермес шығайбай» сараңға айналса, дәулетін өз игілігіне жаратудан қызғанса, ондай жанды түгі жоқ кедей деуге болады, дәулет оған құтамайды, түрлі реттермен құлдырай береді, ауып кетеді. Осы секілді жағдай қашыртқысы жоқ су бөгетінде кездеседі. Артық суды қашыртқы арқылы бұрып жібермеген соң, көбейе келе іркілген су бөгетті бұзып, осал жерінен саңылау тауып шығады. Барлық су босқа ағып кетеді, пайдасы ешкімге тимейді.

* * *

Теңіз суы өзеннің  теңізге құйған жерінде ғана тұщы болады. Араға әзәзілдәк кіріп бұзылмаса, достық берік болады. Бауырлар арасындағы бауырмалдық та араға сөз кірмесе ұзақ дәурен сүреді, екі сөзділер жылан тәрізді келеді, өйткені оның екі тілі бар, кейде сөздің әсері де жылан уының әсеріндей. Туған бауырың, жолдасың немесе досың болса да, бұзық адамнан аулақ жүрген жөн. Арсыз дос жылан тәрізді, иесі оны еркелетіп, серік етеді, бірақ ол күндердің күнінде әлгі иесін шағуы мүмкін. Бұрынғылар айтқан екен, ақылды мен ақ пейіл жанның соңына ер, мінезі жаман болса да ажырама, солармен достас, оның жаман қылығынан сақтан да ақылын пайдалан, тіпті ақылы жөндем болмаса да ақ пейілмен достығыңды үзбе, оның ақ пейілін пайдаланып, өз ақылыңды жетілдір, шамаң келгенше пысық есуастан қашып бақ, деген.

* * *

Опасызға көрсеткен махаббат, жауызға істеген жақсылық, ұқпайтынға үйреткен тәлім-тәрбие, сенімсіз-уәдесіз адамға айтқан сыр осының бәрі босқа кеткен пайдасыз еңбек екен. Ащы жеміс өсетін ағашты балмен, не маймен майласаң да оның жемісі ащы күйінде қалмақ. Жақсы адаммен дос болсаң, жақсылыққа кезігесің, ал зұлыммен достасу талай пәлеге ұшыратады. Бұл жағдай жел тәрізді – сасық заттың үстінен өткен жел сасық иісті таратып мүңкітеді, хош иістің үстінен өтсе де, оны өзімен бірге ала кетеді. Кем ақылдылар даналарды ақымақ деп санайды, арамзалар мейірбан жанды даттайды, ал өзі қисықтар достарының түзулігін сезбейді.

Категория: Мои файлы | Добавил: erkin_64
Просмотров: 1380 | Загрузок: 0 | Рейтинг: 5.0/1 |
Всего комментариев: 0
Добавлять комментарии могут только зарегистрированные пользователи.
[ Регистрация | Вход ]
Приветствую Вас Гость

Поиск
Друзья сайта
Статистика

Онлайн всего: 1
Гостей: 1
Пользователей: 0

Copyright MyCorp © 2016
Сделать бесплатный сайт с uCoz